Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілеріне құрмет көрсетілді

0
373

Талдықорған қаласында өткен республикалық спартакиадада бірінші орынды жеңіп алған.


Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілеріне құрмет көрсетілді

Спартакиадада топ жарған Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жуырда Талдықорған қаласында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында спартакиада өтіп, онда Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері командалық бірінші орынды еншілеген болатын. Бүгін жеңімпаздарға арнайы құрмет көрсетіліп, оларға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Грамотасы мен Алғыс хаттары тапсырылды. Мемлекеттік қызметшілердің мерейлі жеңісімен құттықтаған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жеңімпаздарды марапаттады.


«Республика бойынша бірінші орынды еншілеу – үлкен абырой. Облыс әкімі сіздердің бұл жеңістеріңізді жоғары бағалап, алғысын білдіріп отыр. Түркістан өңірінің намысын абыроймен қорғап келдіңіздер. Жауапты қызметпен қатар спортты серік етіп, салауатты өмір салтын насихаттап жүргендеріңізге ризашылығымыз мол. Алдағы уақытта да әрдайым жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер», – деді Еркеғали Әлімқұлов.


Айта кетейік, Талдықорған қаласында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиадада Түркістан облысының өрендері 131,5 ұпаймен оқ бойы озып шығып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алған болатын. Волейбол, кіші футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, қазақ күресі және бильярдтан сынға түскен Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілері бұл жеңістерін Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арнады.