ТҮРКІСТАН: Өңір басшысы түркиялықтарға көңіл айтты

0
405

Түркістан жұртшылығы түркиялық бауырлармен бірге!


ТҮРКІСТАН: Өңір басшысы түркиялықтарға көңіл айтты

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркиядағы алапат жер сілкінісінен болған қайғылы жағдай Қазақ еліне де ауыр тиді. Бауырлас елдегі төтенше жағдайға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, көңіл айтты. Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұл бағытта жұмыстар басталып кетті.


Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Түркия Республикасы өкілдігі қызметкерлерімен кездесуі және Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алу іс-шарасы өтті. Алдымен жиынға қатысушылар жер сілкінісінен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздік жариялап, еске алды.


Өңір басшысы түркиялықтарға көңіл айтып, түрік халқының қайғысы қазақ халқының да қайғысы екенін жеткізді. Тарихи Түркістан өңірінің жұртшылығы да Түркиямен бірге екенін, бауырлас елге қолдау көрсететінін атап өтті. Қазірдің өзінде Түркістан облысынан 9 білікті дәрігер Түркияға баратын шұғыл көмек тобына енгізіліп отыр. Тізімге алынған Түркістан облыстық клиникалық аурухананың білікті дәрігерлерінің қатарында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандары бар. Олар түрік тілін еркін меңгерген. Бірқатары Түркияда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырған.


«Түркия Республикасында болған аса ірі жер сілкінісі – бауырлас ел ретінде біздің де жанымызға қатты батты. Түркия – біз үшін қазақ халқына деген ерекше ықыласы мен көмегін аямаған, Қазақстан Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған ел ретінде ерекше ыстық. Бауырлас ел қиындыққа тап болған ауыр кезеңде де біз тұтастығымыз бен бірлігімізді көрсете отырып, қолдау білдіреміз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі таңда Түркияға көмек көрсетудің алғашқы легі іске асырылуда. Табиғи апаттың салдарынан қаза тапқан барлық азаматтардың жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Апат салдарын сезініп, аман қалған бауырларымыздың аман-есен жазылып, ел ортасына оралуын шын жүрекпен тілеймін. Шын жанашырлық пен бауырмалдық ел басына түскен ауыр кезеңдерде сын сағатына түсетіні белгілі. Түбі бір Түркі елдерінің рухани ұстыны саналатын Түркістан жұртшылығының атынан Біз барлық сәтте Түркия Республикасының халқымен бірге екендігімізді жеткізгім келеді», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысының Қ.А.Ясауи атындағы орталық мешітінің наиб имамы Серкебай Таңат Түркия елінде жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады.


Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Ақынжы ауыр кезеңде қолдау көрсеткен Қазақ еліне, арнайы келіп көңіл айтқан облыс әкіміне алғысын білдірді. Түркия ауыр сынақты бастан өткеріп жатқанын айтты.


Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пеями Баттал бауырлас елдегі төтенше жағдай студенттер мен оқытушыларға ауыр тигенін, университет қызметкерлері тарапынан Түркияға гуманитарлық және өзге де көмектер көрсетілетінін мәлімдеді. Ректор осы оқу ордасында білім алып, Түркияда білімін жетілдірген дәрігерлер хабарласқанын, олардың апат орнына барып, көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.


Университеттегі еске алу шарасынан кейін облыс әкімдігі атынан зілзаладан қаза тапқан марқұмдардың рухына ас берілді. Апатқа байланысты Түркияда 12 ақпанға дейін қаралы күн жарияланды.