Түркістан өңірінде Абай күні кең көлемде аталып өтті

0
465

Қатарынан үшінші жыл еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде аталып өтуде.


Түркістан өңірінде Абай күні кең көлемде аталып өтті

Түркістан облысында ұлы ақынның шығармалары кең көлемде насихатталып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақтың тұңғыш жазба ақыны, ұлы тұлға Абай Құнанбаевтың құрметіне «10 тамыз – Абай күні» болып бекітілген. Қатарынан үшінші жыл еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде аталып өтуде.


Түркістан облысында да бірқатар шаралар ұйымдастырылып, ұлы ақынның шығармалары кең көлемде насихатталып жатыр. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Абай ескерткішіне тағзым етуден басталып, «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты әдеби-рухани шараға ұласты. Сондай-ақ, «Ұлы Дала Елі» орталығында Түркістан облыстық жас туристер станциясының жетекшілері мен оқушыларының қатысуымен Абай өлеңдерін оқу сайысы өтті. Оқушылар сарайында «Желсіз түнде жарық ай» танымдық-мерекелік шара өткізілді.


Облысқа қарасты аудан-қалаларда да Абай шығармаларын насихаттау мақсатында түрлі шаралар өтті. Атап айтсақ, Түлкібас және Отырар аудандық кітапханасында «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Сарыағаш ауданы Қызылжар ауылдық мәдениет үйі мен Түлкібас ауданында әдеби сазды кеш өткізілді. Сондай ақ, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында «Абай – ұлы даланың ұлы ойшылы» атты әдеби кеш аясында Қазығұрт аудандық халық театры әртістері «Абайдың арманы» атты қойылымды сахналады.


Өскелең ұрпақ бойына қазақ даналығын сіңіру үшін Абай жазған шығармаларды жастар тәрбиесіне жүйелі түрде енгізу мақсатында Қазығұрт аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Сарапхана елді мекенінде орналасқан Бекет ата кесенесінде «Абай мұрасы – халық ұлағаты» тақырыбында кітап көрмесі жасақталды. Ал Арыс қаласында «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты түнгі кітапханадағы танымдық кеш ұйымдастырылды.


Күні бойы мәдениет мекемелерінің әлеуметтік желілерінде Димаш Құдайбергенов бастаған челленж #Abaychallenge хэштегімен жарияланды. Сонымен қатар танымдық бейнероликтер арқылы ұлы Абай өлеңдері кеңінен таралды. Сондай ақ, Жабағылы ауылдық модельді кітапханасы «Қазақ даласының сұңқары» атты Абайдың қара сөздерінен байқау ұйымдастырып, QR код көмегімен Абай көрмесі жасақталды. Көрмеде «Абай Құнанбайұлы өлеңдері» кітабынан оқырманға BIG drem қосымшасының көмегімен Абай өлеңдеріне 3D бейне көрсетілімдер өтті.


Ал Түркістан облысының 2 оқушысы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Абай облысында өткен ХХIV республикалық Абай оқуларында жүлделі ІІ орын иеленіп, облыс тұрғындарының мерейін асырды.