ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданында облыстық көшпелі семинар өтті

0
390

Қазыналы қарттар ұрпақ тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданында облыстық көшпелі семинар өтті

Ордабасы ауданында облыстық көшпелі семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданында Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында облыстық көшпелі семинар өтті. Алқалы жиында Аудандық ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесі көрініс тапқан арнайы көрме ұйымдастырылды.


Тағылымы мол шараға Түркістан Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және аудан, қалалардан келген ардагерлер мен әкімдік өкілдері қатысты.


Іс-шараға қатысушылар үш жүздің басы қосылған қасиетті Ордабасы тауына жиналып, «Бірлік» монументіне гүл шоқтарын қойды. Бабалар рухына бағыштап құрбан шалып, тағзым етті. Аудан әкімі Азат Оралбаев сырлы Созақ ауданында өткен шараның Ордабасыда жалғасын табуын тархи сабақтастық деп бағалап, ұрпақтар сабақтастығымен бүгінге жеткен салт-дәстүрімізді жастарға түсіндіруге арналған кеңес олардың рухани тұрғыда кемелдене түсуіне септігін тигізетіндігін айтып өтті.


Көшпелі жиын қонақтары аудан орталығы – Темірландағы жаңадан салынған «Ана мен бала» аллеясында болды. Салтанатты шарада Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз алып, ұрпақ тәрбиесіндегі ана рөліне ерекше тоқталып өтті.


«Бүгін алдымызда тұрған міндет – ұрпақ тәрбиесіне жаңа бағыт, жаңа көзқарас, жүректен-жүрекке жететін әртүрлі тақырыпта қойылым ұйымдастыру арқылы жаңа тәрбиенің формасын өмірге ендіру. Әрине, бұл өздігінен бола қоймайды, көп еңбекті, қаржыны қажет етеді. Десе де, тәрбиеге салынған инвестиция еш уақытта өз бағасын жоғалтпайды», – деді ардагер.


Іс-шара барысында қонақтар аудандық Мәдениет үйінде ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысып, пікір алмасты. Қазыналы қарттар ұрпақ тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Кеңес соңында жастарды тәрбиелеуге арнаған «Жарық дүниеде жалғызбын» атты сахналық қойылым көрсетілді. Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына экскурсия жасап, күш атасы – Қажымұқан жайлы түсірілген деректі филімді тамашалады.