ТҮРКІСТАН: Ордабасыда бір ауылға табиғи газ берілді

0
462

Жыл соңына дейін 14 елді мекен табиғи газға қосылады деп жоспарлануда.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда бір ауылға табиғи газ берілді

Ордабасыдағы Спатаев ауылына табиғи газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылдық округіне қарасты Спатаев ауылына табиғи газ желісі тартылды. Аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков табиғи газға қосу рәсіміне қатысып, ауылдастарына құттықтауларын жеткізді.


«Өздеріңізге мәлім, Төрткүл елді мекеніндегі табиғи газ беру нысаны іске қосылғанда, тұрғындардың қуанышын бөлісуге өңір басшысы Дархан Сатыбалды арнайы келіп, тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтаған болатын. Бүгін ауылдық округтің тағы бір ауылы көгілдір отынға қосылып отыр. Жоспар бойынша келесі жыл Көкарал, Еңбекші ауылдарының тұрғындары да табиғи газдың пайдасын көретін болады. Жаңа қосылған табиғи газ жүйесі халықтың игілігіне жарай берсін», – деді аудан әкімі.


Спатаев ауылын табиғи газбен қамту мақсатында «VR & GROUP» ЖШС тарапынан 12,823 шақырымға газ желісінің құбырлары жүргізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, 214 үй «көгілдір отынмен» қамтылды.


Айта кетейік, Ордабасы аудандағы 25 елді мекенде газ жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін 14 елді мекен табиғи газға қосылады деп жоспарлануда.