ТҮРКІСТАН: Ордабасыда ірі өндіріс орнының екінші кезеңі іске қосылды

0
698

50-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылып отыр.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда ірі өндіріс орнының екінші кезеңі іске қосылды

Ордабасы ауданында ірі өндіріс орнының екінші кезеңі іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде кәсіпорындар ашуға басымдық берілетінін айтып, басшыларға тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта облыста жұмыс жандана түсті.


Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіндегі индустриалды аймақта орналасқан ПЭТ қалдықтарын қайта өңдейтін “Grееn technology industries” жауапкершілігі шектеулі серіктістігінің зауытының синтепон талшығын (дайын өнім) өндіретін желісі салтанатты түрде іске қосылды. Аталған шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрбек Бадырақов зауыт ұжымын қуаныштарымен құттықтап, жасыл технологияларды қолдана білген өндіріс орнының аудан экономикасын нығайтуға қосатын үлесі зор екенін атап өтті. Зауыттың екінші кезеңі іске қосылуы нәтижесінде 50-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылып отыр.


Айта кету керек, аталған зауыт 2018 жылы күзде индустриалды аймақта іске қосылған. Инвестициялық құны 1,6 млрд. теңгені құрайды. Бірінші кезеңде 80 адам жұмыспен қамтылды. Жылына 15 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өнімдердің дені Ресейге экспортталады. Алдағы уақытта өнімдерін Өзбекстанға, Қытайға жөнелту жоспарлануда. Зауытта 2021-2022 жылдары 3 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндірілген. Ауданға төлеген салығы да жыл санап артып отыр.


Ордабасы ауданында өнеркәсіп саласында тоғыз айдың қорытындысымен 21 млрд. 190 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 804 млн. теңгеге, ал нақты көлем индексі 0,3%-ға артқан. Ауданда өнеркәсіп саласында 40 кәсіпорын бар болса, оның 3-еуі ірі кәсіпорын, 3-еуі орта кәсіпорын, 30-ы шағын кәсіпорын,4-еуі қосалқы кәсіпорын.