ТҮРКІСТАН: Ордабасыдағы "сақалды" құрылыстардың мәселесі бақылауға алынды

0
435

Жұмысты жүйелі жоспарламаған басшылар мен мердігерді сынға алды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыдағы

Түркістан облысының әкімі аудан, қалалардағы өзекті мәселесі бар нысандарды аралауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалалардағы өзекті мәселесі бар нысандарды аралауды жалғастырып жатыр. Бұл жолы өңір басшысы Ордабасы ауданында жұмыс сапарымен барды. Алдымен Төрткүл елді мекеніндегі құрылысы 2020 жылы басталған 300 орындық мектептің жай-күйімен танысты. Нысанның конкурстық құны 1 млрд.теңгеге жуық.


Түрлі себеппен құрылыс 2022 жылдың қыркүйек айынан бері тоқтап тұр. Өңір басшысы өз міндетін дұрыс атқармаған, жұмысты жүйелі жоспарламаған басшылар мен мердігерді сынға алды.


"Өңірде мектеп тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан білім ұяларының құрылысын жүргізуді кәсіпкерлік емес, стратегиялық маңызды міндет деп қабылдау керек. Құрылысы кешіккен әрбір мектептің соңында сапалы білімнен қағылған ұрпақ бар екенін ұмытпаңыздар. Құжаттарды қайта зерделеп, мектептің ел игілігіне беруді тапсырамын. Жауапты басқарма, аудан әкімдігі мәселені шешуі тиіс",
– деді Дархан Сатыбалды.


Осы іссапар барысында Ордабасы ауданындағы «Қызылжар» жалпы орта мектебінің қосымша ғимараты мен Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысындағы түйткілдер де тарқатылды. Бұл білім ұяларының құрылысы да өткен жылдан бері саябырсып тұр. Білім ұяларының мәселесін ретке келтіруді тапсырған өңір басшысы Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақтың инженерлік инфрақұрылым желілері нысанымен және салынатын тұрғын үй кешенінің жобасымен танысты. Мұнда 300-ге жуық баспана үшін жер телімі бөлініп, жеңілдетілген несиеге сатып алатын тұрғын үйлер бой көтереді. Дархан Сатыбалды жобаны әрі қарай зерделеуді тапсырды.