​ТҮРКІСТАН: Ордабасылық "Бөрте милка" балмұздақ шығаруды көздеп отыр

0
3 308

Бұл туралы Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жылдығына орай ұйымдастырылған пресс-тур аясында белгілі болды.


​ТҮРКІСТАН: Ордабасылық

Ордабасы ауданында "Бөрте милка" фермасындағы рекордсмен сиырлар 60 литрге дейін сүт беруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында құрылғанына небәрі 4 жыл толған "Бөрте милка" кәсіпорны бүгінде сүт шығару фермасы және де сүт өңдеу зауытынан тұрады. Құны 1 млрд 336 млн.теңге болатын жоба мемлекеттік бағдарламамен 825,0 млн теңгені Банк «РБК» арқылы игеріп, 511 млн. теңгесі кәсіпорынның жеке қаржатынан құралып отыр. Кәсіпорын бүгінде 64 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Фермада қазіргі таңда 980 ірі қара мал басы болса, оның ішінде 297 бұзау басы бар. Қазіргі таңда сауын сиыр саны 380, олардың әрқайсысы 32 литрден астам сүттен беруде. Аталған ірі қара мал басы голландтық асыл тұқымды Голштин түрі. Ферма жаңа заманауи технологиямен жабдықталған.


"Фермамыз заманауи технологиямен қамтылған, барлығы автоматтандырылған. Сиырларымыз орта есеппен әрбірі 32 сүт берсе, арасында рекордсмендер 60 литрге дейін беретіндер де бар. Біздің кәсіпорынның қуаттылығы 40 тонна, қазір 11 тонна сүт беріп отырмыз. Өнідіріс орын толықтай қамту үшін қосымша тағы бір ферма салуды жоспарлап отырмыз", - дейді "Бөрте милка" ферма меңгерушісі Қуаныш Мамбетов.

Ал, сүт зауытының өндіру қуаттылығы 40 тонна, әзірге 11 тонна өнім өндіруде. Өнім түрлеріне айран, тұзды айран, сүт, йогурттың құлпынай, шие, өрік дәмді түрлері, құрт, қаймақ, сондай-ақ жаңадан май өнімін шығаруды қолға алып отыр. Сүт зауыты италияндық құрал-жабықтармен қамтамасыз етілген. Өндірілген өнім түрлері Түркістан облысы мен Шымкент қалаларына жөнелтілуде. Алдағы жоспарда Алматы, Тараз, Қызылорда қалаларына тасымалдауды көздеп отыр. Сондай-ақ, сүт зауыты келесі жылы балмұздақ өнім түрін шығаруды да қолға алмақ.