Олар биыл түрлі жетістіктерге қол жеткізген.
Ордабасы ауданының әкімі спортшылармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Ордабасы аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауданымыздан шыққан бірқатар спортшылармен кездесті.
«Ұлтымыздың игі-жақсылары бас қосқан Ордабасы өңірі чемпиондарға кенде емес. Қазақ күресінің аңызы саналған Қажымұқан атамыздың даңықты жолын жалғап, өңірімізден әлі талай чемпиондар шығатындығына сенімдімін», - деді аудан әкімі спортшылармен кездесуде.
Кездесу барысында зағиптар арасында облыс жеңімпаздары Зәуре Әйтек, Мұхтар Қалменов, аудандық Көкпар федерацияның президенті Нұртас Ахметов, облыстық командалық көкпардан «Тұран Тұғыры» байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы Мақсат Алиясқар, Бәйдібек Омаров, Рахымжан Алдашев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Еркеғали Отызбаев, Дзюдодан ардагерлер арасында Әлем чемпионы Әлжан Жақсыбаев, Жеңіл атлетикада жасөспірімдер арасында ҚР жеңімпазы Аружан Алтыбай, Қол күрестен ересектер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрсұлтан Сапаров, Белбеу күресінен ересектер арасында Әлем кубогінің қола жүлдегері Мадияр Жамбыл, Жасөспірімдер арасында дзюдодан Еуропа кубогінің күміс жүлдегері Дамир Сырлыбай, Мейірхан Бейсенәлі, Футболдан жасөспірімдер арасында Республикалық жарыстың жеңімпазы Даниал Тұрсын аудан әкімінің Алғыс Хатымен марапатталды.