ТҮРКІСТАН: Орта Азияның су шаруашылығы комиссиясының отырысы өтіп жатыр

0
430

Су ресурстарын пайдалану мәселелері талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Орта Азияның су шаруашылығы комиссиясының отырысы өтіп жатыр

Түркістанда Орта Азияның мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Орта Азияның Мемлекетаралық Үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 30 жылдығына орайластырылған отырысы Түркістанда өтуде. Түркі әлемінің рухани астанасында ұйымдастырылған халықаралық жиында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінің салалық министрлік басшылары бас қосты. Экология, геология және табиғи ресуртстар вице-министрі Серік Қожаниязов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді. Шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістан қаласын суландыру бағытында іске асырылған және алда атқарылатын жобалармен бөлісті.


Республикада суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі. Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында өңірде ылғал үнемдеу технологияларын ендіру жолға қойылған. Бүгінгі таңда облыста 4 мың гектарға жаңбырлатып суғару және 25,5 мың гектарға тамшылатып суғару технологиялары ендірілді.


«Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда 172 шақырым 23 каналға жөндеу және 241 шақырым 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 92 мың га суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Сондықтан бүгінгі өтіп жатқан Орта Азияның Мемлекетаралық Үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті отырысының Түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары екендігін атап өткім келеді. Бұрын Түркістан қаласына 234 млн. текше метр ағын су жетіспейтін болатын. Оның себебі – бар суды жинап, толықтай Түркістанға дейін жеткізу мәселесі қолға алынбаған еді. Ғалымдармен, ауыл ақсақалдарының пікірлерін тыңдай келе Түркістан қаласына 248,8 млн. текше метр ағын су жеткізудің жолын таптық», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн. м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 57 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүргізілді. 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Жаңадан «Кеңсай - Қосқорған-2» су қоймасын салу арқылы 31,0 млн. м3 ағын су жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары бүгінгі күні толық аяқталды. Нәтижесінде, 14 млн. м3 ағын су жинақтауға қол жеткізілді. «Арыс-Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 млн. м3 ағын су жеткізіледі. Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн. м3 ағын су келеді. Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн.м3 ағын су жеткізіледі. «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасының құрылысы жүргізілді. Бұл жоба облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді. 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалынып, 370 млн. м3 су көлге тасталынды. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады.


Бұдан бөлек, Түркістан қаласы айналасында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуін қалыптастырылуда. Жоба толығымен жаңбырлатып суғару технологиясымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңға 163 шағын агроқұрылым ірі кооперативтерге бірігіп, 2,2 мың гектарға 65 бірлік жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Технология дақыл түріне қарай ағын су шығынын 2 есе азайтумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырады.


«Дамыған Америка Құрама Штатының Небраска штатында 70 мың дана су үнемдеу технологиясы енгізілген. Осы су үнемдеу технологиясының нәтижесінде штаттың табысы 30 жылда 5 млрд. АҚШ доллорынан 30 млрд. АҚШ доллорына дейін ұлғайған. Жалпы азық-түлік белдеуі аясында құны 30,7 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі бас қосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз. Су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану секілді аса маңызды мәселелерді бірлесіп шешу қажет. Бұл шекаралас жатқан елдер үшін ортақ іс болғандықтан, бүгінгі кеңес нәтижесінде өзекті мәселелер оңды шешімін табады деп сенемін», – деді облыс әкімі.


Халықаралық жиында Орталық Азия өкілдері су ресурстарын пайдалану мәселелерін талқылады. Комиссияның құрамына аумақтары арқылы Сырдария өзені ағатын мемлекеттердің өкілдері кіреді. Негізгі мақсаты – трансшекаралық өзендердің суын пайдалануды үйлестіру.