ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев Арыстағы құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды

0
782

Ал, құрылысшылар жұмысқа кедергі келтіріп жатқан бірқатар мәселелерді сөз етті.


ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев Арыстағы құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Арыс қаласында қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша аппараттық жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған басқосуға еліміздің барлық облыстарынан келген Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты өкілдері, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысып, Арыстағы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары және тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмектің жай-күйі талқыланды.

Сонымен қатар, облыс басшысы барлық құрылыс нысандарының дер кезінде аяқталуын тапсырып, құрылыс сапасына баса назар аудару керектігін қадап айтты. Ал, басқосуда сөз алған құрылысшылар жұмысқа кедергі келтіріп жатқан бірқатар мәселелерді сөз етті. Олардың айтуларынша, Арыстағы бірнеше үй иелері сараптау қорытындысымен келіспей отыр, яғни үйлерін күрделі жөндеудің орнына түгел сүріп тастауды талап етіп жатқан көрінеді және құжаттарды заңдастыруға қатысты кей қиыншылықтар да белгілеген мерзімнен кешігуге себеп болып жатқан көрінеді.

Сондай-ақ, мәселеге қаныққан Өмірзақ Естайұлы барлық сектор жауаптыларына құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімін белгіленген кестеден кешіктірмеуді және орын алған кемшіліктерді жеке-жеке қарап, тұрғынүй иелерінің өтініштерін ескере отырып шешуді тапсырды.