ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев Арыстағы өртті өшіруге атсалысқандарға алғыс айтты

0
565

6 тамыз күні Арыс станциясының платформасында сары фосфоры бар екі контейнер өртенді.


ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев Арыстағы өртті өшіруге атсалысқандарға алғыс айтты

Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының теміржол вокзалында орын алған тосын жағдайға қатысты тілсіз жауды ауыздықтауға бағытталған шұғыл шараларға оң бағасын берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының теміржол вокзалында орын алған тосын жағдайға қатысты тілсіз жауды ауыздықтауға бағытталған шұғыл шараларға оң бағасын беріп, атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді. Арыс қаласы басшылығы мен облыс құтқарушылары мен полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.


Еске салсақ, 6 тамыз күні Арыс станциясының платформасында Жамбыл облысынан Ресейге бағытталған сары фосфоры бар екі контейнер өртенді. Оқиғаға орнында шұғыл штаб құрылып, жедел іс-шаралар жүзеге асырылды. Жедел түрде өрт ауыздықталып, жақын маңда тұратын 1700 адам эвакуацияланды. Оның ішінде мыңнан аса адам туыстарының үйіне жайғасса, 650 адам уақытша ашылған 4 эвакуациялық бекетке орналастырылды. Полиция Департаменті өрт болған пойыз аумағы мен елді мекен маңын қоршап, 6 блок-бекет қойды. Өрт сөндіруге 300-ге жуық адам, 42 техника жұмылдырылды.


Айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан өрт сөндірілгеннен кейін ауа сапасы тексерілді. «Өлшеу нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Радиациялық фонның деңгейі норма шегінде», - деп қорытындыланды.