ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев Кентауға арнайы жұмыс сапарымен барды

0
387


ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев Кентауға арнайы жұмыс сапарымен барды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы жұмыс сапарымен Кентау қаласына барды деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алдымен облыс басшысы индустриалды аймаққа аялдады. Бүгінде онда жалпы құны 3 879,4 млн. теңге болатын 6 жоба жұмыс істеп келеді.

Индустриалды аймақ 2015 жылы жұмысын бастаған. Нысанның жер көлемі 25 гектарды құрайды. Индустриалды аймақты электр қуатымен қамтамасыз етіп, су құбырларын жүргізу ісі жолға қойылған. Кәріз жүйесі мен байланыс орнату мәселесі де шешімін тапқан.

Айта кетейік, Кентау қаласында 2019-2020 жылдары құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларына қатысты қосымша 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында да болды. Аталған мекеменің негізі 1952 жылы қалаған. 2011 жылы қайта құрылған кәсіпорын қаладағы 334 көпқабатты тұрғын үй, 2121 жеке үй, 374 коммерциялық нысан, 102 бюджеттік мекемені жылу энергиясымен қамтумен айналысады.

Жылу энергиясын өндіретін мекеме 6 қазандық, 2 турбогенераторы, 4 дана қайта сору қондырғыларымен қамтылған. Онда 395 маман жұмыс істейді. Жалпы қаладағы магистралдық жылу құбыры 38,2 шақырым, ішкі орамдық жылу құбыры 116,8 шақырымды құрайды.

Мекеменің жай-күйімен танысып шыққан облыс әкімі келер жылы Кентау қаласындағы жылу құбырлары мен қондырғыларына толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Осыған байланысты сараптамалық жұмыстардың нәтижесін нақтылауды тапсырды.

Одан бөлек, облыс әкімі Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Жалпы Кентау қаласында 358 көпқабатты тұрғын үй бар. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында бүгінгі күнге дейін 512 769,0 мың теңгеге 35 көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткен. Қалған 305 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. 2019-2021 жылдары күрделі жөндеуден өткізілетін ғимараттардың жоспары дайындалып, бекітілген.

Өңір басшысы іс сапары соңында «Ащысай Су» МКК кәріз су тазалау стансасының жұмысымен танысты. 1984 жылы іске қосылған мекеме кәріз суларын механикалық және табиғи жолмен тазалаумен айналысады. 48 гектар аумақта кәріз су тазалауға арналған решеткалар, тұндырмаларды тазалайтын қондырғылар, құмұстағыш, тұндыру алаңдары орнатылған. Қаладағы кәріз су жүйелерінің жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайды.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет