ТҮРКІСТАН: Отырар қалажұртында «Музей түні» өтті

0
760

Қала тіршілігін тамашалауға 3000-ға жуық адам келді.


ТҮРКІСТАН: Отырар қалажұртында «Музей түні» өтті

Отырар қалажұртында «Отырар – мыңжылдықтар куәсі» тақырыбында «Музей түні» өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен 18 мамыр – халықаралық музейлер күніне орай ашық аспан астындағы музейге айналған Отырар қалажұртында «Отырар – мыңжылдықтар куәсі» тақырыбында «Музей түні» өтті. Отырар қалажұртындағы ғылыми тұрғыдан реконструкцияланған нысандарда тарихи қойылымдар мен ортағасырлық қала тіршілігін тамашалауға 3000-ға жуық адам келді.


Іс-шара барысында Отырар ауданының әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов музей қызметкерлері мен шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, аудан әкімі С.Сұлтанханов пен мәслихат төрағасы У.Ұзаховтың алғыс хаттарын табыстады.


«Орталық Азиядағы ең ежелгі шаһарлардың қатарына кірген Отырар – баға жетпес рухани құндылығымыз. Талай тартысқа куә болған Отырар – әр келген қонағын түпсіз тарих тұңғиығына еліктіріп әкетері анық. «Музей түні» шарасы көне қаланың тарихымен танысуға мол мүмкіндік», - деді «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов.


Ортағасырлық қала тіршілігінен тарихи реконстурциялық қойылымдарды тамашалауға келген қонақтарды қаланың қақпасынан ортағасырлық үлгіде киінген қала тұрғындары қарсы алып, оларға сусын мен нан ұсынды. Көпшілік тұрғын үйлерде ши тоқу, диірмен тарту, келі түю, нан пісіру, күбі пісу, құрт жаю сияқты асханалық жұмыстармен танысып, жүн тазалап, оны иіріп отырған әйелдердің тіршілігіне тәнті болды. Керамикалық заттарды жасап жатқан шеберлердің жұмысына қызығушылық танытқан қонақтар шеберлік сабақтарға да қатысып, ерекше әсер алды.


Ортағасырлық үлгіде безендірілген сауда қатарындағы саудагерлер мен сатып алушылардың саудасы, базар маңында шәйханада адамдар көрінісі базар көркін қыздыра түсті.


Отырар аудандық Мәдениет сарайының қызметкерлерінің әлем ұстазы атанған Әбу Насыр әл Фарабиге арнауы орындалды. Музей түнінде ғұлама бабаның туған жер туралы толғамы, ғылым мен білім жайлы толғаныстары келушідерді айрықша тебірентті.


Базар айналысындағы алаңқайда ұлттық ойын түрлері бойынша жарыстар, тарихқа байланысты викториналық сайыстар өтті.


Іс-шара барысында келушілерге бауырсақ, жент, көже сияқты ұлттық дәм ұсынылып, іс-шараға белсенді қатысқандарға сыйлықтар табысталды.