ТҮРКІСТАН: Отырарда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы таныстырылды

0
471

Жаңа кітап оқырмандарына жол тартты.


ТҮРКІСТАН: Отырарда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы таныстырылды

Отырарда «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекəлі Жəнібектің ел мүддесі үшін күреске толы ғұмырнамасы баяндалған «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты жаңа кітап жарыққа шығып, өз оқырмандарына жол тартты.


Ағартушы, шығыстанушы Санжар Керімбай мен Әділбек Нәбидің авторлық кітабының тұсаукесері бұған дейін Алматы және Шымкент қалаларында, және Түркістан төрінде өтсе, бүгін Өзбекәлі Жәнібектің туған жері Отырар ауданында, Ө.Жәнібековтің есімі берілген мектепте өтті.


Тұсаукесер рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы қатысып, кітап авторларының бірі Санжар Керімбайға алғысын білдірді. Тағылымды іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласының ардагері Нығмет Есенбай, этнограф-ғалым, мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашов, ардагер ұстаз Мария Белгібаевалар ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.


Тағылымды шараға келген көпшілік алдымен Қазақ мәдениетінің өрлеуі мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғырту және дамыту жолында ерен еңбек сіңірген тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен ол туралы жазылған кітаптардың көрмесімен және мектептің шығармашыл оқушыларының жұмыстарымен танысты.


Мұнан соң Отырардың отты перзенті, қазақтың біртуар дара тұлғасына жас ақындар арнау өлеңдерін ерекше тебіреніспен оқыды. Келелі кездесуде кітап авторы Санжар Керімбай кітаптың қалай жазылғанын, іздену барысында тап болған қызықты жағдайлар мен анықталған тың деректерге тоқталды.


Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құттықтауын жеткізіп, сый-сыйапатын табыстады.


Кездесуде оқырмандар өздерін қызықтырған кітап кейіпкерлері жайында толғандырған сұрақтарын қойып, автордан тұщымды жауаптарын алды. Шара барысында патриоттық әндер айтылып, ерекше сезіммен тарқасқан отырарлықтар ағартушы, шығыстанушы Санжар Керімбаймен естелікке суретке түсті.