ТҮРКІСТАН: Отырардағы Р-1 каналының 7 шақырымы жөнделді

0
698

Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған.


ТҮРКІСТАН: Отырардағы Р-1 каналының 7 шақырымы жөнделді

Отырар ауданындағы Р-1 каналының 7 шақырымы жөндеуден өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2020 жылдан бастап Отырар ауданының Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы Р-1 каналы күрделі жөндеуден өткізілуде. Аталмыш су арнасының жалпы ұзындығы 22,124 шақырымды құрайды. Жөндеу жоспарына сәйкес маңызды каналдың 11,124 шақырымы бетон жабындысымен қапталуы тиіс болса қазіргі жоспарға сәйкес су өткізгіш жүйенің 7 шақырымы қапталып шықса, тиісті жұмыстар өз жалғасын табуда. Осының нәтижесінде талай жылдардан бері егістікке қажетті ағын су тапшылығын сезініп, жерлері сортаң тартқан аймақ шаруаларының мәселесі шешіледі.Сонымен бірге, 3410 гектар жердің су алу мүмкіншілігі артып 170 гектар жер жаңадан айналымға қосылады.


Отырар аграрлы аудан болғандықтан тұрғындардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласымен айналысады. Ал егіншілік кәсіптің күре тамыры ағын су жүйелері екендігін ескерсек, бұл жобаның жүзеге асырылуы аймақ шаруалары үшін үлкен қуаныш болып отыр. Бұл тұрғыда канал құрылысының сапалы жүзеге асырылуына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырыс беруі және қадағалауы нәтижесінде тиянақты әрі құрылыс кестесіне сай жұмыс жасалып келеді. Бүгінде Р-1 каналындағы ауқымды құрылысқа кәсіпорынның 35 құрылысшы маманы, 4 эксковатор, 2 гидравликалық шынжырлы экскаватор, 2 гидравликалық доңғалақты экскаватор және т.б. техникалар жұмылдырылған.