ТҮРКІСТАН: Отырардың үздік жастары марапатталды

0
599

Қоғамдық-саяси салаға белсене араласып, түрлі жетістікке жеткен жастар «Үздік жастар премиясымен» марапатталды.


ТҮРКІСТАН: Отырардың үздік жастары марапатталды

Отырар ауданының үздік жастары марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде жастардың да сіңірген еңбегі орасан. Бүгін ел егемендігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында киелі ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастар аудан әкімінің «Үздік жастар премиясымен» марапатталды. Салтанатты жиында аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов құттықтау сөз сөйлеп, ел дамуына өзіндік септігін тигізіп, лайықты қызмет етіп жүрген жалынды жастарға сенім артатынын жеткізді.


«Баршаларыңызды тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі меркесімен шын жүректен құттықтаймын! Киелі ауданымыздың жастары да өздерінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен аймақтың өсіп - өркендеуіне, гүлденуіне үлес қосып, спортта да, мәдениет-білім сайыстарында да өздерінің қарым-қабілеттерін танытып, білімі мен біліктілігін көрсетіп жүр. Олардың әрқайсысы өз ортасының көшбасшысы, әрбірінің қоғамда өзіндік орны бар. Бүгінде мемлекетімізде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген. Ендеше, аудан жастары да мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер!», - деді аудан әкімі өз сөзінде.


Атап өтсек, Отырар аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен озаттарға арналған «Үздік жастар премиясын» жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Биылғы жылғы бұл шараның ерекшелігі егеменді еліміздің 30 жылдығына орай, 30 номинация бойынша қатарынан оза шапқандар марапатқа лайық деп танылды. Шараға жиылған жастардың дені Қазақ тәуелсіздігімен тел жетілген жігерлі де жалынды азаматтар. Үздік жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сый-құрметке ие болды. Салтанатты рәсім соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары әсерлі әндерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.