ТҮРКІСТАН: Отырарлық азаматтар екі жанұяға баспана сыйлады

0
745

Әжелер шашу шашып, қариялар ақ баталарын берді.


ТҮРКІСТАН: Отырарлық азаматтар екі жанұяға баспана сыйлады

Отырарлық жомарт жандар қос мұқтаж отбасына баспана сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырарлықтар көпке өнеге болатын игі істің куәсі болды. Қарғалы ауылындағы С.Ерубаев атындағы жалпы мектебінің 2004 жылғы түлектері жалғызбасты анаға 5 бөлмелі баспананы сыйға тартты. Ауыл жастары осылайша көпке үлгі-өнеге көрсетті. Бұған дейін ескі мектеп ғимаратында тұрып келген ана енді балаларымен бірге өз үйінде тұрады.


Қуанышты сәтті бөлісуге арнайы келген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдира Кизбай мен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ерман Дайрабаев шаңырақ иелерін құттықтап, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы атынан сыйлық табыстады. Шара барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл қариясы Нұрқұл Ердемқұл қайырымы мол істе белсенділік танытқан ауыл жастарына шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.


Сонымен қатар көпшіліктің игілігі үшін ізгілікті істердің жанынан табылатын отырарлық жеке кәсіпкер Балтабай Асанов Ақкөл ауылындағы жалғызбасты анаға қысқа мерзім ішінде бес бөлмелі үйді жаңадан тұрғызып, кілтін табыстады. Жаңа үйдің құрылысына қажетті материалдарды дер кезінде жеткізіп отыруды кәсіпкер өз мойнына алса, ауыл тұрғындары үй құрылысына ауызбіршілікпен атсалысты.


Жаңа баспана иесінің қуанышын бөлісуге келген аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов ізгі тілектерін жеткізіп, сыйлық тарту етті. Әжелер шашу шашып, қариялар ақ баталарын берді.