ТҮРКІСТАН: Отырарлық жастар игілікті іс атқарды

0
901

«Әлбетте, бұл ісімізді мақтану үшін емес, өзге жастарға да ой салсын деп жариялап отырмыз».


ТҮРКІСТАН: Отырарлық жастар игілікті іс атқарды

Отырар ауданының жастары ауыл мешітіне қолғабыс етті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Еріктілер жылы» облыс пен қала ғана емес, ауылдың да жастарына ерекше серпін беріп, игілікті істің басы-қасынан табылуға септігін тигізді. Туған жері мен елін қуанышқа бөлеп жүрген бүгінгі күннің «батырлары» Түркістан облысында көптеп кездеседі. Олар елімізде орын алған пандемия кезеңінде де, кешегі су апатынан жерлестеріміз зардап шеккенде де өздерінше қол жинап, халыққа қолғабыс болып келеді.

Осындай игілікті жұмыстардың бірі кеше ғана Отырар ауданы Отырар ауылында іске асырылды. Атап айтсақ, аталған елді мекендегі «Отырар» жалпы орта мектебін 2011 жылы бітірген 1994 жылғы түлектер 200 мың теңгедей қаржы жинап, ауыл жамағаты жиылатын «Әбілда ата» мешітінің ақауы бар азан шақыратын дыбыс зорайтқышын жаңартып берді. Аядай ғана ауылда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, алайда ата-анасынан бөлек, ауыл азаматтарынан тәрбие алып өскен жігіттердің бұл ісі көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастағаны рас.

«Біз де осы ауылдың тұрғындары, ел сенетін жастары болғандықтан, осындай кемшіліктерді түзетуге, әрдайым жақсы істерге атсалысуға тырысамыз. Және оның барлығы да өз еркімізбен орын алып жатыр. Біз сияқты жастар ауылымызда жетерлік. Барлығы ел үшін аянбай еңбек етіп жатады. Әлбетте, бұл ісімізді мақтану үшін емес, өзге жастарға да ой салсын деп жариялап отырмыз», - дейді Отырар ауылының жастары.