ТҮРКІСТАН: Отырарлықтар үйіргелік жерден табыс тауып отыр

0
533

Жылыжай ісін жандандырып отыр.


ТҮРКІСТАН: Отырарлықтар үйіргелік жерден табыс тауып отыр

Отырар ауданының тұрғындары үйіргелік жерден үйдей табыс тауып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бірер күн бұрын Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Шәуілдір ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездескен еді. Кездесу аясында аудан басшысы үйіргелік жерде жылыжай ісін жандандырып отырған Убайдулла Тулепов пен Ханзада Әшірбекованың шаруашылығымен танысты.


«Қызсұлу апа» шаруашылығының иесі Ханзада Әшірбекова тұрғын үйінің ауласындағы 0,16 га жерге салынған жылыжайға қызанақ, ал Убайдулла Тулепов 0,11 га аумаққа қияр егіп, өз істерін дөңгелетіп отыр. Аудан әкімі үй ауласын жылыжайға айналдырып, кәсіптерінің жемісін көріп отырған ауыл тұрғындарының ісі өзге азаматтарға да үлгі болатынын айтып, кәсіп иелерінің еңбекқорлығына ризашылығын білдірді.


«Тірліктің көзін тапса, еңбектенсе үйіргелік жерден үйдей табыс табуға болады», - деді аудан әкімі өз сөзінде.


Содан соң, әкім аудан орталығындағы «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, Шәуілдір ауылының тұрғындарымен жүздесті. Аталған орталық ардагерлердің бір сәт бой жазып, серігіп қайтатын демалыс орынына айналған. Ғимарат тұз шахтасы, медбике кабинеті, автоматтандырылған түрлі массаж құрылғыларымен, арнайы психологиялық көмек көрсету кабинеті және кітапханамен қамтылған. Орталықта бір күнде 50 қызмет алушыға 14 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді.


Кездесу барысында ауыл қариялары Жұмахан Әбдіқадіров, Нармахан Намазбаев, Төреәділ Тұрабаев, Шаяхмет Серікбаевтар ауыл маңындағы «Отырар-2050» мекемесінің теңгеріміндегі пайдаланылмай жатқан жерді ауыл тұрғындарына уақытша мал жаюға беру, Д.Алтынбеков көшесінің бойындағы аяқжолды ұзарту, Т.Бозшабаев көшесін орта жөндеуден өткізу, ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» мекемесі орналасқан жерді мекеме баланысына беру секілді мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелерге жеке-жеке тоқталған аудан әкімі заң шеңберінде тиісті шешімдер қабылданатынын айтып, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.


Кездесуден кейін аудан басшысы С.Асылханұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады.