ТҮРКІСТАН: Өз кәсібін ашқан ордабасылық тұрғын көпке үлгі болып отыр

0
579

Кәсібін карантинде бастаған.


ТҮРКІСТАН: Өз кәсібін ашқан ордабасылық тұрғын көпке үлгі болып отыр

Ордабасы ауданы, Бөген ауылдық округінің тумасы Өркен Серғали ауылда өз кәсібін ашып, қатарластарына үлгі болып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2020 жылы Ордабасы ауданының орталығы Темірланда «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, грант алған жас маман ауыл орталығындағы өз үйінің іргесінен “TAQIYA BAR” шаштаразын ашқан. Бүгінде Өркеннің шаштаразына тіпті, көршілес ауылдың тұрғындары да келіп, қызмет алуда.


Бастапқыда қаладағы колледжердің бірінде спорт саласы бойынша білім алған Өркен коронавирус індеті таралып, елде карантин жарияланған кезде үйде бос жатпай, онлайн курстарға жазылған. Күн өткен сайын өнерін жетілдіру үшін ізденімпаз Өркен “Youtube” каналдардағы тегін, әлеуметтік желідегі ақылы дәрістерге қатысып, сертификат алған. Шаш үлгілерін жасаудың қыр-сырын меңгерген.


Қалаларда эпидемиялық жағдайға байланысты сән салондары мен көпшілікке қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатқан сәтте карантин талаптарын сақтай отырып осы сала бойынша көшпелі қызмет көрсетіпті. Айлық табысы 200 мың теңгенің үстіне шыққан оның ендігі мақсаты – үй маңынан мал бордақылау алаңын ашып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамту.