ТҮРКІСТАН: Пробациялық есептегілерге азық-түлік үлестірілді

0
850

2 азамат қысқа мерзімді және кәсіби оқыту бойынша мамандық алып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Пробациялық есептегілерге азық-түлік үлестірілді

Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында пробациялық есепте тұратын 34 азамат түрлі ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен еріктілері Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлерімен бірге пробациялық есепте тұратын азаматтардың үйлерін аралап, азық-түлік пен күнделікті тұтыну заттарын таратты. Мұндағы мақсат – түрлі себептерге байланысты өмірде аяғын шалыс басып, жазасын өтеп шыққан немесе бас бостандығы шектелген азаматтардың ішіндегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларына көмек беру, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету болатын.

Айта кетейік, аудандық жұмыспен қамту орталығы мен пробация қызметі бөлімінің іс жоспарына сәйкес биылғы жылы Жетісай ауданының әкімі Жамантай Қанайұлының қаулысымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында пробациялық есепте тұратын 34 азамат түрлі ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған болса 2 азамат қысқа мерзімді және кәсіби оқыту бойынша мамандық алып жатыр. Ал, бір азамат 550 мың теңге мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашқан.

«Былтыр жоспар бойынша 80 адамды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту керек болғанымызбен нақты 26 адам қатысты. Қалғандары шаруа қожалықтарда және басқа да салаларда өз-өзін жұмыспен қамтығандар санатына кірген. Біз бүгінде аудан әкімдігімен, аудандық пробация қызметімен біргелікте сотталушыларға оқу курстарына қатысып, жұмысқа орналасуларына, ортаға бейімдеуге ықпал етіп, заңдық, кәсіби кеңестер беруді қолға алғанбыз», - дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Құралбай Әбдіхалықұлы.