​ТҮРКІСТАН: Рамазан айында ауызашар өткізілмейді

0
1 236

Әркім өз үйінде тарауих намазын отбасымен өтейді.


​ТҮРКІСТАН: Рамазан айында ауызашар өткізілмейді

Биыл Түркістан облысында Рамазан айында ауызашар өткізілмейді және мешіттерде тарауих намазы оқылмайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елде жарияланған төтенше жағдай кезіндегі діни жорағылар жасаудың жаңа үлгісі енгізілген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша Бас имамы Мұсабек Ақтамберді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына сілтеме жасай отырып, осылай мәлімдеді.

Ол баспасөз жиынында ауызашар, тарауих намаздарының орындалу жолдарынан бөлек, діни мерекеге дайындық, жалпы облыстағы діни ахуал жайлы да сөз қозғады.

«ДДСҰ жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Бұл сәуір айының соңына дейін созуына байланысты Рамазан айының алғашқы күні, жамағатпен тарауих намазы, ауызашар беру мәселелерінің тәртібі белгіленді. Осы ретте ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі келесідей тәртіпті ұсынады. Жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешіттерде тарауих намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде тарауих намазын отбасымен өтейді. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар берудің орнына келесідей амалдарды жасауға шақырамыз. Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру де мол сауап болады», – деді Мұсабек Ақтамберді.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырады.

Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында 748 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары-мешіттер жұмыс істеп келеді. Аймақтағы діни ахуал тұрақты.