ТҮРКІСТАН: "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламасы бойынша көшбасшылар қатарында

0
347

Түркістанды рухани әрі мәдени орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстардың тұжырымдамасы жасалды.


ТҮРКІСТАН:

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 2 жыл толды. Бұл мақала қоғамда үлкен сілкініс туғызып, ел руханиятына оң серпін берді. Осы екі жыл ішінде Түркістан облысында да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұлттық құндылықтарды дәріптеген ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде өңірде жобалар нақтыланып, тиісті жоспарлар түзілген. Түркістанды рухани әрі мәдени орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстардың тұжырымдамасы жасалды. Соған сәйкес, Қ.А.Ясауи кесенесіне жақын тұста рухани-мәдени және туристік нысандар салынып, туристер саны артпақ. Құрылыс ЮНЕСКО рұқсат еткен аумақтарда жүргізіледі. Түркістан қаласында әлемде қайталанбайтын, жоғары сапалы ұлттық қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер орталығын салу жоспарда бар.Ірі сауда орталығы да бой көтермек. Мұнда отандық өнімдер, өз шеберлеріміздің бұйымдары сатылады. Одан да өзге жобалар қолға алынады.
Сонымен бірге, әр салада айрықша жетістіктерге қол жеткізген тұлғалармен «Түркістан төрінде» деген атаумен хабарлар ұйымдастырылады.
2017 жылы облыс аумағында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жұмысын бастап, алдағы жоспарлар жүйеленді. Жұмыстар нақтыланды. Сарапшылар кеңесі құрылды. Алғашқы жылдың өзінде 800-ден астам елді мекенде 4 мыңнан іс-шара өткізілді.
«Ажарлы үй – ырысты» жобасы аясында аудан, қалаларда ерікті жастар көмекке зәру 786 отбасының аулаларын тазалап, қақпаларын сырлап, ауыл ажарының артуына өз үлестерін қосты. Аудан, қалаларда «Тал күні» акциясы өткізіліп, 50 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге 21 бағыттағы туристік маршруттар ашылды. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында 40-тан астам мәдени іс-шара өтті.

Түркістан облысында бағдарламаның 6 басымдығы негізге алынып, 6 арнайы жоба шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылды.
«Туған жер» жобасы бойынша кәсіпкерлер мен ел азаматтары туған ауылдарына көмек көрсетіп, елді қуанышқа бөледі. Осы жоба арқылы 2018 жылы демеушілер тарапынан құны 3 млрд. 386 млн. теңгені құрайтын 97 нысан іске қосылды. Аяқталған 97 нысанның – 28 білім мекемелерінің құрылысы және 3-і қайта жөндеу, 2-і медицина мекемесі құрылысы. 12-сі спорт нысандарының жаңа құрылысы болса, 2-і спорт алаңын қайта жөндеу. 15 мәдениет нысаны ашылды. Абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылды.
Өңірде «Алтын ұям» жобасы қолға алынды. Жобаның бойынша мектеп бітіргендеріне 10, 15 және одан да көп жыл болған түлектерге орынсыз сән-салтанат орнына білім алған мектебіне көмек көрсету жөнінде үндеу жолданды. Нәтижесінде былтыр түлектердің көмегімен мектептердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға 10 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Алдағы уақытта бұл жоба цифрландыру жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ.
Білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарда 3,5 мыңға жуық іс-шара өткізілді. Сондай-ақ «Көне кітаптар – жазба ескерткіштер» ақпараттық шарасы барысында облыстағы 3465 көне кітаптың 185-і цифрлы форматқа көшірілді.

Былтыр Түркістан облысының әрбір ауданында қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар, фестивальдер өткізілді. Әр ай сайын мыңдаған адамның қатысуымен қазақ мәдениетін салт-дәстүрі мен туризмін, насихаттайтын жобалар жүзеге асты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арасында облыста алғашқы рет дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын кешенді шаралар жүйесі қолға алынды.

Қазақ мифологиясында ықылым заманнан бері Наурыз тойы алғаш Қазығұртта тойланған деген аңыз бар. Осы орайда Қазығұрт тауының баурайында «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасы өткізіліп, оған 20 мыңдай адам қатысты.
Бәйдібек ауданында өткен «Қымызмұрындық» іс-шарасында ежелгі дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру мақсатында саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз түрлері таныстырылып, қымыз баптаушылар, қолөнер шеберлері байқаулары, сәйгүліктер сайысы өтті.
Алғаш рет Түлкібас ауданы, Шұбайқызыл шоқысында «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында «Қызғалдақ» фестивалі өткізілді.
Үш жүздің басы қосылған Ордабасы тауында «Туған жерге тағзым –Ордабасыға оралу» атты шара өтті. Төле би ауданында халықаралық көркемсурет «Қасқасу» пленэрі өткізіліп, түрлі ердерден келген суретшілер өңірдің тамаша табиғатын туындыларына арқау етті.
Жетісай қаласында «Қауын fest» облыстық фестивалі өткізілді. Фестивальдің мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау.
Шардара ауданының туристік әлеуетін көтеру мақсатында «Safari Shardara» фестивалі қолға алынды. Бұл іс-шараға жұртшылық пен туристік фирмалардың қызығушылығы жоғары болды. Түлкібас ауданында «Салбурын – мереке ғой саятшыға» іс-шарасы ұйымдастырылып, мұнда да ұлттық дәстүрлер паш етілді.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет