ТҮРКІСТАН: Сарыағашта астық ору науқаны басталды

0
368

Алтын астық қамбаға құйылып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта астық ору науқаны басталды

Сарыағаш ауданының әкімі астық ору науқанымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаш ауданында астық ору науқаны басталды. Науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары әр сәтті қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Қазіргі таңда егістік алқаптарында комбайндар жинаған алтын астық қамбаға құйылып жатыр.


Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніне арнайы барып, астық ору науқанымен танысты. Аудан басшысы дәнді-дақыл егумен айналысатын «Дарбаза» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұрғанын атап өтті.


Айта кетсек, «Дарбаза» ЖШС-і ағымдағы жылы 2000 гектар жерге бидай егіп, гектарына 20-25 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Жалпы ауданның 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес, аудан бойынша ағымдағы жылы 71 500 га жерге егін егу межеленген. Бүгінгі күнге дейін 71 501 га жер толығымен игерілген.


Егіс көлемінің 42803 гектар жеріне астық дақылдары себілген. Қазіргі таңда 1876 тонна өнім жиналды. Оның ішінде 896 тоннасы бидай және 980 тоннасы арпа. Гектарына шамамен 20-25 центнерден өнім алынуда.


Ал, 2022 жылы жалпы 42637 гектарға астық дақылдары егіліп, жалпы 63186 тонна өнім жиналған. Өнімділік гектарына 15-17 центнерден алынған.