ТҮРКІСТАН: Саурандағы барлық ауылға футбол алаңы салынады

0
531

Бұл ауданда 32 ауыл бар.


ТҮРКІСТАН: Саурандағы барлық ауылға футбол алаңы салынады

Сауран ауданында құрылыс қарқыны артады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Сауран ауданындағы 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елді мекен бар. Құрылғанына жарты жылдан асқан жаңа ауданда келер жылы құрылыс қарқыны үдей түспек. Құрылыс жұмыстарымен қатар инфрақұрылым саласына көңіл бөлініп, табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасады. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді.


2022 жылы 32 елді мекенге балалар алаңы, футбол алаңы, тенис корты және воркаут орнату жоспарлануда. Ал, ауылдық округтердегі басты көшелерге жарықшамдар орнатылатын болады.


«Аудан құрылғалы шалғай ауылдарды да аралап, шешімін таппай тұрған өзекті мәселелер тізбесін жасақтадық. Тұрғындардың мәселелері бойынша іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 га жер бөлініп, әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы келесі жылы жүргізіледі. Онда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелерінің ғимараттары және мәдениет үйі орналасады»,-деді Ғани Құрмашұлы.


Сондай-ақ, ауданда биыл 300 орындыққа шақталған 3 мектептің құрылысы жүргізіліп, Шаға ауыл округіндегі мектеп қыркүйек айында пайдалануға берілген. Ескі Иқан ауыл округіндегі білім ұясы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланса, Қосмезгіл елді мекеніндегі мектептің құрылысы 2022 жылға өтпелі.