ТҮРКІСТАН: Сенаторлар кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдады

0
437

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.


ТҮРКІСТАН: Сенаторлар кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдады

Мақтаарал ауданына келген сенат депутаттары кәсіпкерлермен кездесіп, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Ең алдымен халық қалаулылары Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында құрылысы жүріп жатқан "Zhannasyl" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта өңдеу зауытына аялдады.


Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков индустриалды аймақта жүзеге асқан және жоспарланған жобалар туралы кеңінен мәлімет беріп, құрылысы жүріп жатқан аталған зауыт іске қосылғаннан соң мақта өңдеу зауыттарының арасындағы өзара бәсекелестіктің қалыптасуы мақта бағасының жоғарылауына әсер ететінін жеткізді.


Зауыттың басшысы Нұрлан Сарсенбаевтың айтуынша, жалпы құны 2,5 миллиард теңге тұратын ауқымда жоба іске асқан жағдайда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. 8 гектар аумақты алып жатқан нысан жылына 65 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы екен. Сондай-ақ зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары жылдың ортасына дейін аяқталып, мақта терім маусымы қарсаңында толық іске қосылмақ.


Мақта өңдеу зауытының ішін аралап, құрылыс жұмыстарымен толық танысқан Әли Бектаев Алматы қаласынан келіп өзінің туған жеріне ірі көлемде инвестиция құю арқылы халықты жұмыспен қамтуға атсалысып жатқан Нұрлан Сәрсенбаев сияқты патриот кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілу керектігін айтып, өзінің шынайы алғысын білдірді.


Мұнан соң Елордадан келген делегация ауданның шаруаларымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Диқандар жанар жағар май мен ағын судың құнын төмендету, тыңайтқыштарды ерте жеткізу және тік дренажды ұңғымалардың мәселесін көтерді. Оның ішінде аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты "ПУИД-2" жобасына енбей қалған 57 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта жөндеу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттаманы сенат депутаттарына ұсынып, қолдау сұрады.


Сондай-ақ,сенат депутаттары бастаған делегация "Хамро ата" шаруа қожалығының жылыжайында болды. 7 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда лимон, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды сияқты т.б. 12 түрлі дақыл өсірілуде. Делегация мүшелері осындай қожалықтарды еліміздегі әрбір елдімекеннен ашып, оны дамыту арқылы тұрғындардың басым бөлігін жұмыспен қамтуға болатынын жеткізді.