ТҮРКІСТАН: Шардарада әпкесі мен інісін белгісіз біреулер ұрып кетті

0
1 537

ҚР ҚК-нің 293-бабымен «Бұзақылық» бойынша іс тіркелді.


ТҮРКІСТАН: Шардарада әпкесі мен інісін белгісіз біреулер ұрып кетті

Түркістан облысы Шардара ауданында туған күнін атап өткен бойжеткенді інісімен қосып белгісіз біреулер соққыға жыққан, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Трасса бойында орналасқан мейрамханалардың бірінде бойжеткен туған-туыстарымен бірге кезекті туған күн кешін ұйымдастырған. Жақын жандармен емен жарқын отырып, көңілді отырыстан қайтқан әпкесі мен інісі үйлеріне жаяулатып шығады. Жолда танымайтын жігіттер көлікпен тоқтап інісіне тиісе бастаған. Олар тіпті інісімен қоса бойжеткенді де сабап тастаған. Сөйтіп бұзақылар оқиға орнынан қашып кеткен. Түн жарымда таяқ жеп жарақат алған бауырлар Шардара аудандық полиция бөліміне шағымданған. Тәртіп сақшылары бір сағаттың ішінде бұзақыларды іздеп тауып қамауға алған.

"Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 293-бабымен «Бұзақылық» бойынша тіркелді. Оқиға орнына жедел жеткен аудандық полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтады. Қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында жедел іске кіріскен полицейлер жәбірленушілер көрсеткен көліктің нөмірі арқылы қылмысқа күдіктілерді 1 сағат аралығында іздеп-тауып, ұстайды. Полицейлердің анықтауынша бұзақылық жасаған жігіттер көрші ауылдың тұрғындары болып шықты. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде,"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.