​ТҮРКІСТАН: Шардарада ұлттық нақыштағы балабақша жұмыс істейді

0
4 115

Бала бақшада бүгінде балалармен жұмыс жүргізуде «Монтессори элеметтері», «ТРИЗ технологиялары» мен «Құм терапиясы» сынды әдіс-тәсілдері қолданылады.


​ТҮРКІСТАН: Шардарада ұлттық нақыштағы балабақша жұмыс істейді

Түркістан облысы, Шардара қаласында бүлдіршіндерді ұлттық құндылықтармен тәрбиелеп келе жатқан ерекше балабақша бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шардара қаласындағы №8 «Балапан» мемлекетік бөбекжай-балабақшасының негізі 1972 жылы қаланған. 2016 жылы қала басшысы Ережеп Бекет мырзаның бастамасымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бүгінде 12 топта 364 бүлдіршінді тәрбиелеп отырған балабақшаның топ бөлмелерінде баланың саналы ұрпақ болып өсіп-жетілуіне барлық жағдай жасалған – заман талабына сай жаңа жиһаздармен, оқу құралдарымен, жұмсақ және қатты инвентарлармен және арнайы бассейнмен жабдықталған.

Аталмыш балабақшаның бір ерекшелігі – балабақшада бүлдіршіндердің ұлттық рухта тәрбиеленіп, қазақы салт-дәстүрді бойларына сіңіріп өсулері үшін арнайы толық жабдықталған киіз үй макеті, ұлттық киімдегі қуыршақтар бұрышы, «Ертегілер патшалығы», «Ғажайыптар», «Саяхат», «Өнер орталықтары», «Ойын-ермек алаңы» сынды дамыту бұрыштары жұмыс жасайды.

Мұнан да басқа қажетті жабдықтармен жабдықталған сазбөлмесінде бүлдіршіндердің ән-би өнеріне деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталған үйірмелер ашылып, балабақшаның қуыршақ театрының қойылымдары қойылып отырады.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар орталықта тәрбиелеу және оқыту жұмыстары «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты»ережелеріне сай және «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасы» негізінде жүргізіліп, орыс және ағылшын тілдері тереңдетіліп өтіледі. Балалармен жұмыс жүргізуде «Монтессори элеметтері», «ТРИЗ технологиялары» мен «Құм терапиясы» әдіс-тәсілдері қолданылады.