ТҮРКІСТАН: Шардарада зағип жандар өзара сайысты

0
1 557

​Шардара аудандық орталық кітапханасының көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана нүктесінің және аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шарықта, шалқар шабытым!» атты көз мүгедектері арасында өткен облыстық өнер фестивалінің ауданаралық іріктеу кезеңі өтті.


ТҮРКІСТАН: Шардарада зағип жандар өзара сайысты

Фестивальге қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шағалалы аймақта өткен өнер байқауында көз жанарынан айырылған және әлсіз көретін 12 қатысушы бақ сынасты. Әрбір қатысушы жергілікті ақын-композиторларының шығармаларын орындап, туған жер, атамекен тақырыптарында жазылған патриоттық әндерді шырқады.
Қатысушылардың өнерін бағалаған әділ қазылар өнерпаздардың сахналық киімдері мен орындау шеберліктеріне, таңдаған әндері мен дауыс үйлесімділігіне ерекше мән берді.
Айта кетейік, жылда дәстүрлі түрде өтетін өнер байқауының былтырғы Шардаралық қос жеңімпазы облыстық, Республикалық байқаулардан жүлдемен оралған.
«Біздің басты мақсатымыз – зағип, мүгедек жандардың өздерін қоғамнан жат сезінбеулеріне жағдай жасау, көңілдерін көтеру, шығармашылықпен айналысуларына барынша қолғабыс ету. Мүмкіндіктерін арттыру. Бүгінгі фестивальдің іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қараша айында облыста ауданның намысын қорғайтын болады», - дейді Шардара аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Ерназар.
Мұнан да басқа аудандық қоғамдық бірлестікте есепте тұратын 2400 жанға аудан әкімдігі мен кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен түрлі сый-сияпаттар жасалып, азық-түлік себеттері, гигиеналық тұтыну заттары үлестіріліп те отырады.