ТҮРКІСТАН: Шардарада жаңа оқу жылына жаңа мектеп тапсырылды

0
2 064

Мұнай база елді мекеніндегі 60 орынды мектеп ел игілігіне берілді.


ТҮРКІСТАН: Шардарада жаңа оқу жылына жаңа мектеп тапсырылды

Шардара ауданына қарасты «Мұнай база» елді мекенінде жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа мектеп қолданысқа берілді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Шардара ауданының «Мұнай база» елді мекенінде бой көтерген «Ы.Алтынсарин» атындағы мектеп құрылысын жергiлiктi әкiмдiк қаржыландырған. Конкурстық құны 215 477 мың теңгені құрайтын 60 орындық мектептің құрылысы өткен жылы басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне тапсырылып отыр.
Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева, ауыл ақсақалдары мен оқушылар қатысты.
Аумағы 961,41 шаршы метрді құрайтын білім ұясында ауыл балаларының сапалы білім алып, өркениет көшінен кешеуілдеп қалмауларына барлық жағдай жасалған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу кабинеттері мен зәулім гимнастика залы оқушылардың сабақтан бос уақыттарын тиімді пайдалануларына толық мүмкіндік береді.
Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі – мектепте мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа еркін кіріп-шығуына да жағдай жасалып, халықаралық талаптарға сай пандус пен жедел саты да іске қосылған. Бейнебақылау камералары да орнатылған.
Бұған дейін ескі ыңғайластырылған ғимаратта оқыған ауылдың 120 баласы жаңа ғимаратқа көшкеніне ата-аналарының қуанышында шек жоқ.
«Бұған дейін балаларымыз ыңғайластырылған ескі ғимаратта білім алып келді. Бүгінде ол ғимарат апатты жағдайда. Осындай зәулім мектеп салып берген аудан басшысыларына, ел ағаларына айтар алғысымыз шексіз»,- дейді ауыл тұрғыны Алтай Шапайұлы.
Мұнан басқа ауданда 300 орындық «А.Иманов» мектебінің құрылысы басталып, келесі жылға өтпелі болса, №1 М.Әуезов, Қ.Аманжолов және Қызылқұм жалпы орта мектептерiнде күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлген.