​ТҮРКІСТАН: Шардаралық әжей К-700 айдап, жер жыртқан

0
2 059

Жасы 103-ке келсе де ағайын-туғанның жиынына жалғыз өзі барып келе береді.


​ТҮРКІСТАН: Шардаралық әжей К-700 айдап, жер жыртқан

Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында тұратын Ұлбосын Абжаппарова биыл 103 жаста. Кезінде тракторды тізгіндеп, жер жыртқан әжейдің әлі де қимылы ширақ деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп, шаңырақтың шаттығы мен ұйытқысына айналған ақ жаулықты аналарымыздың мәртебесі қай заманда болмасын биік бағаланатыны белгілі. Алланың берген жасын жасап, мейілінше адал еңбек етіп қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген нәзік жандылар аз емес.

Бала тәрбиесі мен қоғамдық еңбектерден де тасада қалмаған сондай аналардың бірі – Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық округінің тұрғыны Ұлбосын Абжаппарова.

«Жасы үлкенді қаділесе құт болар, Қадірлі кісі қартаймас» деп ұлы ғұламалар өсиет етіп келер ұрпаққа қалдырғандай жақсылықты жанымен қолдап, өнегелі іске сергектік пен ден қойып отырған 103 жасқа келген Ұлбосын Абжаппарова әжей бүгінде ауыл тұрғындарының тұтастық өмірінің өзекті мәніне айналған. «Ауылыңда кімің бар?» дегенде Қоссейіт ауылдық округі көнекөз қарттарын, әсіресе бәйтерек сынды бетке ұстар Ұлбосын әжені үлкен-кіші марқайып, мақтан етеді.

1916 жылы дүние есігін ашып ашаршылық пен жоқшылықты, екінші Дүниежүзілік соғысты басынан өткізген кейуана 9 перзенттің анасы. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен екінші дүниежүзілік соғыста қан майданға хат тасыған Ұлбосын әжей соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан. Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Кейіннен ауылда шынжыр табанды К-700 тракторын тізгіндеп, жер жыртқан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, кеңес дәуірінде өмір бойы колхозда қарапайым жұмысшы болып, белі талмай еңбек еткен қарияның өмір жолы көпке үлгі боларлықтай.

Бүгінде 103 жасқа келсе де қимылы ширақ әжей Шардара-Шымкент, Шардара-Жетісай бағыттары бойынша жалғыз өзі жолға шығып, ағайын-туыстарды аралап қайта береді екен.

«Маған дәрігерлер көп қимылдау керектігін айтады. Жасым 103-ке келсе де ауылдағы медпунктке, поштаға өзім жаяу барып келемін. Күн жылы кездерде Жетісай мен Шымкентке де өзім барып келем, қыста аяғым тайып кете ме дер жалғыз жүруге қорқам. Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттың қатері жоқ. Сондықтан, қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек» деген Ұлбосын әжей елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтардан да хабардар екенін білдіріп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды.

Күн сайын жасанып, жаңғырған алтын арайлы кең байтақ отанымызда тату-тәтті өмір кешіп, бақыттың қызығына бөленген қаншама шаттығы шалқыған әулеттердің бірінде ғұмыр кешіп жатқан Ұлбосын әжейдің қадірлі, қазыналы тәлімі кейінгі буынға әрқашан үлгі-өнегеболып қала берері сөзсіз.