ТҮРКІСТАН: Шардаралық балуандар әлем мықтыларын мойындатты

0
1 063

Әлем құрамасы сапында Ресей, Грузия, Латвия, Украина, Өзбекстан елдерінің намысын қорғап жүрген Әлем, Еуропа, Азия чемпиондары бақ сынады.


ТҮРКІСТАН: Шардаралық балуандар әлем мықтыларын мойындатты

Шардаралық бес әлем чемпионы мен әлем мықтылары күш сынасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мамыр айының соңғы күндеріне белгіленген «Shardara.Armsport» клубының бес әлем чемпионы мен әлем мықтыларының арасында өткен кездесу қазақ балуандарының жеңісімен аяқталды. Аталмыш байрақты бәсекеде Әлем құрамасы сапында Ресей, Грузия, Латвия, Украина, Өзбекстанелдерінің намысын қорғап жүрген Әлем, Еуропа, Азия чемпиондары бақ сынады.

Әлем назарын өзіне аударған жекпе-жектің алғашқы кездесуі 57 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген шардаралық Нұрмахан Ердаулет пен ресейлік Ахмат Айбазов арасында өтті. 5 раундық жекпе-жекте 5:0 есебімен қазақ балуаны жеңіске жетсе, 70 келі салмақта «Shardara.Armsport» клубының спортшысы Қадір Нұрдаулет грузиялық Вилени Габраваны 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Ал, 78 келі салмақта бақ сынаған шағалалы аймақтың даңқты перзенті Айдархан Нұрдаулет Украин елінің балуаны Роман Мантикаға мықтылығын дәлелдеп, кездесу 5:0 есебімен қорытындыланды.

Кіл мықтылар арасында өткен жекпе-жектердің тартысты тағы бірі – 86 келі салмақта өнер көрсетіп, қол күресі әлемінде «ең жылдам» (самый быстрый) спортшы атанған Талғат Ақтаев пен латвиялық спортшы Владислав Красовский арасында өтті. 5 раундтық жекпе-жекте қос мықты да бір-біріне есе жібергісі келмеді. Дегенмен, туған жердің төрінде жігеріне күш берген ұлттық намыс пен елдің сенімі Талғатты жеңіс тұғырына көтеріп, Владислав Красовскийді 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Сайысты ең ауыр салмақтағы соңғы жұп – Есболат Қаржау мен Өзбекстан елінің даңқты балуаны Жасур Алиакбаров қорытындылады.95 келі салмақта әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, армреслинг тарихында өзіндік орны бар екі мықтының арасындағы кездесу де өте тартысты өткенімен, «Shardara.Armsport» клубының спортшысы 4:1 есебімен жеңіске жетті.

«Біздің бұл жекпе-жекті өткізудегі негізгі мақсатымыз – қазір әлемге кеңінен танылған қол күресі спорты бойынша «Shardara.Armsport» клубы мүшелерінің дүние жүзінің ең мықты спортшыларымен күш сынасу арқылы мүмкіндіктерін көрсету. Спорттың осы түрі арқылы елімізді таныту, мойындату. Қазақстанның атын әлемге әйгілеу, Шардараның даңқын көтеру. Сонымен қатар, достық пиғылмен келген әрбір азаматқа құшағын ашып, құрметін білдірер еліміздің қонақжайлылығын көрсету», - дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Шардара Армспорт vs Әлем құрамасы» шарасының бас ұйымдастырушысы Арман Қарсыбаев.

Аудан аумағында еңбек ете жүріп 50-ге жуық Әлем чемпиондары мен жүздеген Еуропа, Азия, Қазақстан чемпиондарын тәрбиелеген Арман Романұлының шәкірттері бұл жолы да өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, жалпы командалық есепте 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сайыс соңында жеңімпаздар мен шет елдік спортшыларға ұлттық нақыштағы сувенирлер, медальдар мен кубоктар, қаржылай сый-сияпаттар табыс етілді. Айта кетейік, шардаралық спортшылар алдағы уақытта «Шардара VS Азия», «Шардара VS Еуропа» жарыстарын өткізуді де жоспарлап отыр.