​ТҮРКІСТАН: Шардаралық шаруа суды үнемдеу арқылы мол табыс тауып отыр

0
1 710

2012-жылы негізі қаланған қожалық 286 гектар суармалы жерді игеріп отыр.


​ТҮРКІСТАН: Шардаралық шаруа суды үнемдеу арқылы мол табыс тауып отыр

Құрылған күнінен бастап тамшылатып суғару әдісін қолданып келе жатқан шаруа қожалық бүгінде көл-көсір табысқа кенеліп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығы биылғы жылға 130 гектар жерді игерген. Оның 35 гектарына 7 түрлі пияз, 40 гектарына шитті мақтаның 2 түрі, 20 гектарға бақша өнімдерін ексе, 20 гектар жерге күздік пияздың тұқымы себілген. Одан бөлек 15 гектарға егілген қарбыздың орынына бүгінде 6 түрлі қырыққабат көшетін отырғызып, екінші өнімге әрекет жасап отыр.

Өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіп отырған қожалық тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы ағын суды үнемдеп, өнім көлемін екі есеге арттырған.

«Біз егістікті беткейлетіп суғаратын болсақ гектарынан 60 – 70 центнер ғана өнім аламыз. Ал, тамшылатып суғару әдісі арқылы бүгінде өнімділік екі есеге дейін артып отыр», - дейді «Тұрар» шаруа қожалығының басшысы Юрий Ан.

Осылайша егістік алқапқа түгелдей тамшылатып суғару әдісін енгізген қожалық алғашқы пияздарының келісін 120 теңгеден сатса, қазір 90 теңгеден өткізуде. Жергілікті 20 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған қожалықта жиын-терім науқанында 50-ге жуық тұрғын қосымша нәпақы табады.