ТҮРКІСТАН: Шардаралық жас 100 үздiк көшбасшы студенттiң қатарында

0
2 134

Байқау «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып, елдегі дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.


ТҮРКІСТАН: Шардаралық жас 100 үздiк көшбасшы студенттiң қатарында

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң философия және саясаттану факультетiнiң II курс докторанты, шардаралық Серғазы Құдайбергеновтiң есiмi «Жылдың үздiк студентi» атты республикалық жинақ кiтабына енгiзiлiп, «Қазақстанның 100 үздiк көшбасшы студентi» республикалық байқауының жеңiмпазы атанды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ғылым жолына ден қойған Серғазы Құдайбергенов 1992 жылы Шардара қаласында дүниеге келген. «М.Әуезов» атындағы жалпы орта мектебiнде бiлiм алған ол 7-9 сыныптарды №3 мамандандырылған мектеп-интернатында оқыды. Жоғары сыныпқа көшкеннен соң қайтадан «М.Әуезов» орта мектебiне барып, оқуын жалғастырады. Ұлттық бiрыңғай тест сынағында өз күшiмен жоғары балл жинап, грантқа қол жеткiзген Серғазы Ережепұлы Алматы қаласындағы қара шаңырақ «Әл-Фараби» атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң студентi атанады. Мұнан кейiн мәдениеттану бойынша магистратураны тәмамдаған жас маман докторантурада бiлiмiн одан әрi жалғастырып келедi.
Алған білімін Алматыдағы «Алматы» музейiнде де еңбек ете жүріп жетілдірген жас маман өз ісіне деген үлкен жауапкершiлiгінің нәтижесінде аз уақыттың iшiнде iзденiмпаздығымен, iскерлiгiмен көзге түсiп, көптiң құрметiне бөленiп үлгердi. Үстiмiздегi жылдың мамыр айында мәдениет және өнер қызметкерлерiнiң күнiне орай «Алтын глобус» халықаралық бiлiм мен ғылым және мәдениеттi дамытудың оқу-әдiстемелiк, ғылыми-инновациялық академиясы ұсынған ҚР бiлiм және мәдениет саласындағы үздiк қызметкерлердiң «Алтын кiтап» атты республикалық энциклопедиялық жинағына енгенi және бiлiм саласында жеткен нәтижелi жетiстiктерi мен үздiк қызметi үшiн Серғазы Құдайбергенов «Үздiк жас маман» төсбелгiсiн иелендi. Алматы қаласының сол кездегі әкiмi Бауыржан Байбектiң Алғыс хатына ие болды.
Айта кетейік, жуырда ғана Серғазының ата-анасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бiлiм өркениетi» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу бiлiм орталығының директоры А.Б.Сатылғановтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.