ТҮРКІСТАН: Шаруалардан түскен салық көлемі 2 млрд. теңгеден аспаған

0
114

Олар 30 млрд. теңгеден астам субсидия алған.


ТҮРКІСТАН: Шаруалардан түскен салық көлемі 2 млрд. теңгеден аспаған

Түркістан облысында 13 мың шаруа қожалығы ғана еңбек бағытын табыс көзі ретінде көрсетіп, салық декларациясын ұсынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында тіркелген 80 мыңнан астам шаруа қожалығының 81,3 пайызы салық органдарына еккен өнімдерін жеке өзінің қажеттілігі үшін пайдаланатынын көрсеткен. 13 мың шаруа қожалығы ғана еңбек бағытын табыс көзі ретінде көрсетіп, салық декларациясын ұсынған.


Былтыр мемлекет тарапынан 30 млрд. теңгеден астам субсидия алған шаруалардан түскен салық көлемі 2 млрд теңгеден аспаған. Өңірдегі 90-ға жуық базардан түсетін салық көлемі де мардымсыз. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаев мәлімдеді.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу, бюджет кірістерін ұлғайту бойынша жиналыс өткізді. Өңір басшысы облыстағы барлық саладағы салық төлеушілердің нақты санын анықтау үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.


Өткен жылдың қорытындысымен жергілікті бюджет түсімдерінің өсу қарқыны 113%, оның ішінде салықтық түсімдер 132% құраған. Оның 9,6 млрд. теңгесі – бір реттік түсімдер. Биыл өзіндік кірістерді 200 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішіне салықтық түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түсетін түсім кіреді.


Бюджет кірістеріне талдау жүргізіліп, кірістерді қосымша 38 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндіктер анықталған. Оның ішінде әлеуметтік және жеке кәсіпкерлердің жеке табыс салығы бар. Биылдан бастап шағын және микро санаттағы жеке кәсіпкерлер табыс салықтарын толығымен төлейтін болады. 2023 жылдың тамыз айына дейін аталған салық төлеушілер табыс салығынан 3 жылға дейін босатылған-ды.


«Қазынаға түстетін салық түсімдері – мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі. Сондықтан салық төлеу мәдениетін қалыптастыру керек. Жұмысшы санын, табысын жасыратын кәсіпкерлік нысандары бар. Аудан, қала әкімдері, табыс табу көздері – көз алдарыңызда. Кабинеттеріңізде отырып алмай, салық өкілдерімен бірге көшеге шығыңыздар. Аралап көріңіздер. Кемшіліктерді табыңыздар. Қосымша кірістерді ұлғайтуға ең әуелі сіздер жауаптысыздар. Салық төлеушілердің салық мәдениеті қалыптаспаса, бюджет кірістерінің тұрақты өсуіне қол жеткізу мүмкін емес. Салық жүйесін реттеу үшін бұл саланың жұмысына түпкілікті талдау жасап, баға беруіміз керек», – деді Дархан Сатыбалды.


Бюджет кірістерін ұлғайтуға барлық аудан, қалада резервтер бар. Біріншіден, облыс бойынша 4529 салық салу объектілерінің (тойхана, кафе, ресторан, базар және т.б.) бағалау құнын нарықтық бағаға ретке келтіріп, мүлік салығы мен жұмысшыларының жеке табыс салығының толық өндірілуін қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, бюджеттен қаржыландырылған «Ауыл аманаты», «Ауыл ел бесігі» жобалары арқылы және өзге де бағдарламалармен жеңілдетілген несие алған жеке кәсіпкерлер мен субсидия алған шаруа қожалықтары бойынша талдау жүргізіп, салықтарын өндіру қажет.


Үшіншіден, салық базасын арттыру мақсатында жаңа инвестициялық жобаларды қамтамасыз ету керек. Қосымша түсімді қамтамасыз ету және бюджеттен бөлінген қаржылардың тиімділігіне талдау жүргізу мақсатында жаңа іс-шаралар жүргізіледі.