ТҮРКІСТАН: Шаруаларға мемлекеттік жеңілдіктерді алу жолдары айтылды

0
337

Ағын су тарифы, минералды тыңайтқыштар мен ағын су субсидиясы, мал шомылдыру бассейіндерін реттеу және басқа да мәселелер қозғалды.


ТҮРКІСТАН: Шаруаларға мемлекеттік жеңілдіктерді алу жолдары айтылды

Шардара мен Жетісай аудандарының шаруаларына мемлекеттік жеңілдіктерді алу жолдары айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы топ құрылып, аудандарда ауыл шаруашылығындағы жеңілдіктер мен қолдаулар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кезекті кездесу Шардара және Жетісай аудандарында ұйымдастырылды.


Шардара мен Жетісайдағы кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, аудан әкімдері Арман Қарсыбаев пен Серік Мамытов, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, несиелендіру және басқа да қолдау бойынша сала мамандары, мекеме басшылары мен аудандардың шаруалары қатысты.


Е.Кенжеханұлы шаруаларға мемлекеттен ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдаулар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзекті мәселелерді талқылауға келгендігін жеткізді. Сондай-ақ қолдауларды бүкіл елді мекендегі шаруаларға түсіндіруді тапсырды.


Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын субсидиялау бағыттарын баяндап, оны қалай, кімдер алатындығына және қандай жағдайларда берілетіндігіне кеңінен тоқталды.


Тұрғындар тарапынан арзандатылған несие беру, ПУИД-2 бағдарламасы мәселесі, субсидиялардың қолжетімділігі, үлкен қашыртқыларды жөндеу, «Ырыс» микроқаржы ұйымының мәселесі, коммуналдық меншіктегі каналдары “Қазсушар” мекемесінің теңгеріміне өткізу, ағын су тарифы, минералды тыңайтқыштар мен ағын су субсидиясы, мал шомылдыру бассейіндерін реттеу және басқа да мәселелер қозғалды.


Кездесу барысында «Ырыс» ЖШС микроқаржы ұйымының басшысы Мыңбаев Мұхит баяндама жасап, несиелендіру бойынша шаруалардың сұрақтарына жауап берді.


Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары шаруалар көтерген әр мәселе бойынша жұмыс істелетіндігін жеткізіп, жауапты тараптарға әр істі оңтайлы шешуді тапсырды. Сонымен қатар шаруаларды жеке қабылдап, жауапты тараптармен мәселелерін талқылады.