ТҮРКІСТАН: Солтүстік өңірлерге көшкен әр адамға 200 мың теңгеден астам қаржы беріледі

0
716

Бір жыл бойы баспана ақысы төленеді.


ТҮРКІСТАН: Солтүстік өңірлерге көшкен әр адамға 200 мың теңгеден астам қаржы беріледі

Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша Оңтүстіктен Солтүстік өңірдерге көші-қонды жандандыру бағытында жұмыс жандана түскен. Бұл стратегиялық маңызы бар жұмыс Түркістан облысы әкімдігінің, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыс жоспарына енгізілген. Әрбір аудан мен қалада көші-қонға жауапты маман бекітіліп, жұмыспен қамту орталықтарында азаматтарға тиісті ақпарат пен көмек беріліп жатыр. Көшуге ниет білдірген азаматтар жұмыспен қамту орталықтарынан мәлімет ала алады.


Қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті дамытуына жәрдемдесу, қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберу көзделген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аударған әрбір қатысушыға және олардың отбасы мүшелеріне 70 АЕК мөлшерінде (204190 теңге) материалдық көмек беріледі.


Сондай-ақ қоныс аударушыға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша материалдық көмек қаралған. Мысалы қалалық жерлерге қоныс аударған бір адамға 20 АЕК (58340 теңге) мөлшерінде қаржы беріледі. Егер отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72925 теңге) мөлшерінде төленеді. Ал ауылдық аумақтарға қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге) мөлшерінде төленеді. Егер отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52506 теңге) мөлшерінде қаржылай көмек көрсетіледі.


«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының маңызы өте зор.


«Біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен және белсенді азаматтармен, депутаттармен бірлесіп, көші-қон бағдарламасының насихатын күшейттік. Ұйымдастыру, ақпараттық іс-шараларын жүйеледік. Бұл бағытта жұмыс жалғаса береді. Еңбек күші аз өңірлерге қоныс аудару арқылы отбасылар жаңа мүмкіндіктерге ие болады әрі тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосады», – дейді Б.Тәжібаев.


Жалпы «Еңбек» бағдарламасы қолға алынған 2016-2021 жылдар аралығында Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 2024 отбасы құрамында 7381 адам қоныс аударды. Оларға тиісті жәрдемақылары беріліп, жұмыспен, баспанамен қамту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.