ТҮРКІСТАН: Солтүстікке көшкен әр адамға 214 мың теңгеден беріледі

0
562

Бұл отбасының барлық мүшесіне қатысты.


ТҮРКІСТАН: Солтүстікке көшкен әр адамға 214 мың теңгеден беріледі

Түркістан облысынан Павлодарға көшкен 90-ға жуық отбасының мүшелері жұмысқа орналастырылып, баспанамен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Павлодар облысында қазіргі уақытта дәрігер, мұғалім және техникалық сала мамандары тапшы. Халық саны аз аймаққа Мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударуға ниетті жандарға қолдау да ерекше. Мәселен, былтыр Түркістан облысынан Павлодарға көшкен 90-ға жуық отбасының мүшелері жұмысқа орналастырылып, баспанамен қамтылған. Бұл туралы Түркістан облысына арнайы келген ақпараттық-насихаттық топ өкілі Ерсін Жұмашев брифингте мәлімдеді.


«Солтүстікке көшкен жанұядағы әрбір адамға бірретік 214 мың теңге қаржы беріледі. Ауыл шаруашылығын дамытамын деген шаруалар үшін де жер құнарлылығын атап өткім келеді. Мемлекет қорындағы баспанада 5 жыл көлемінде тұрған азаматтарға үй аттарына рәсімделіп беріледі. Өкінішке орай, денсаулығына байланысты ауа райы жақпай немесе отбасылық жағдайлармен туған жеріне қайта оралған азаматтар бар. Бұл біздің тарапымыздан жағдай жасалмағандығы емес, азаматтардың ерікті түрде белгілі себептермен қайту фактісі», - деді Павлодар қаласының жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ерсін Ағынтайұлы.


Павлодардан Түркістан облысына келген ақпарттық топ мүшелері 1 апта бойы облыс аумағындағы 17 қала-аудан тұрғындарымен жүздеседі. Жоспарға сай делегация құрамындағы 40-қа жуық маман көші-қон мәселесі туралы толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.