ТҮРКІСТАН: Созақта 5 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр

0
496

Биылғы жылдың алғашқы 3 айында 121 млрд. 967 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудан экономикасына 11 млрд. 297 млн. теңге инвестиция тартылыпты.


ТҮРКІСТАН: Созақта 5 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр

Созақ ауданында былтыр жергілікті бюджетке 17 млрд. 736 млн. 731 мың теңге түсіп, жоспар 132 млн. 706 мың теңгеге артығымен орындалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданында былтыр жергілікті бюджетке 17 млрд. 736 млн. 731 мың теңге түсіп, жоспар 132 млн. 706 мың теңгеге артығымен орындалған. Бұл өсім биылғы жылдың алғашқы тоқсанында да сақталып, жергілікті бюджет кірістеріне 3 млрд. 799 млн. 479 мың теңге қаржы түскен. Сондай-ақ, 2022 жылы ауданда 555 млрд. 496 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 61 млрд. 214 млн. теңге инвестиция тартылған. Ал, биылғы жылдың алғашқы 3 айында 121 млрд. 967 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудан экономикасына 11 млрд. 297 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Бұл туралы өңір журналистерімен жүздескен аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков мәлім етті.


Мұхит Сексенбайұлының айтуынша, өткен жылы ауданға 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 14 275 гектар жерге егіс егілген. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 19 млрд. 671 млн. 500 мың теңгені құраған. Сонымен бірге, ағын суды үнемдеу мақсатында 62 гектар алқапқа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылып, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 7000 бас мүйізді ірі қара аналығын 5416 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылған. Ал, биылғы жылдың алғашқы үш айында ауыл шаруашылығы саласында 3 млрд. 867 млн. 100 мың теңгенің өнімі өндіріліп, аталған салаға 46,6 млн. теңге инвестиция құйылған. Одан бөлек, президент тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ және Құмкент ауыл округтерінде 115 адам мүшелікке енген 3 кооператив құрылыпты. Енді құмкенттіктер мал басын көбейтуді қолға алып, созақтықтар мал бордақылау алаңдарын көбейтуге кірісетін болады. Осы уақытқа деін 24 азаматтың жобасы мақұлданса, алдағы уақытта Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінің тұрғындары да бағдарламаның игілігін көрмек.


«Аудан көлемінде жаңадан 1207 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, бизнес нысандарының саны 4766-ға жетті. Биыл 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 1291 адам жұмыспен қамтылмақ. Аудандағы индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 гектар жер телімі берілсе, жаңа инвесторлар үшін қосымша 38,2 гектар жер ұсынылып отыр. 2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталса, қазір Созақ ауылындағы спорт алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса, ауданда бірнеше спорт нысандары, мәдениет үйі мен 900 орындық жайлы мектеп салынатын болады. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағадарламасы аясында 34,1 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілсе, биыл 15,6шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төселмек. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт төсеу үшін қаржы бөлінді. Аудан, қалалардың аумағын көгалдандыру мақсатында биыл 17650 түп көшет отырғызылды. Бұл бағыттағы жұмыстар күз айларында да жалғасады. 2022 жылы 5319 адамға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, олардың 900-ге жуығы жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы аясында өмірлік қиын жағдайдағы 32 отбасыға көмек көрсетілді», - деді аудан басшысы баспасөз жиынында.


Сонымен бірге, брифингте былтыр 4440 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылып, 24 адамның қысқа мерзімді оқытуға жолдама алғаны мәлім болды. Атап өтсек, әлеуметтік жұмыс орындарына 83, «Жастар практикасына» 268, қоғамдық жұмыстарға 1383, «Алғашқы жұмыс орындарына» 24, «Күміс жас» жобасына 15, тұрақты жұмыс орындарына 1899 адам жолданса, 80 азамат мемлекеттік грантқа ие болған.