ТҮРКІСТАН: Созақта 8500 гектар алқапқа сексеуіл көшеті отырғызылған

0
371

Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 млн. көшет егу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Созақта 8500 гектар алқапқа сексеуіл көшеті отырғызылған

Созақ даласы сексеуіл алқабына айналады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 млн. көшет егу жоспарланған. Ал, қала мен елді мекендерде 1149 га аумаққа 1 млн. 81 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті.


Алдымен журналистерге «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ормандарды молайту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары таныстырылды. Бүгінде Созақ ауданында орманды молайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2021 жылға дейін мекемеге қарасты орман қорына қарасты 105,1 мың га аумаққа мәдени орман егілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 32 мың гектар аумаққа орман дақылдарын егу бекітіліп, іске асырылуда.


«2021-2025 жылдар аралығында Созақ орман шаруашылығына тиесілі 32 мың гектар жерге 40 млн. ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Созақ ауданының климаттық ерекшелігіне байланысты негізінен қара сексеуіл егіледі. 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 8500 гектар алқапқа 10 млн. 400 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған. Ал биыл күз айларында сексеуіл тұқымы себілетін және сексеуіл көшеті отырғызылатын 6250 гектар жер жыртылып, дайындалды. Оның 4200 гектарына 21 тонна сексеуіл тұқымы себіледі. Өткен жылы егілген 4650 гектар орман екпелерінің шығымдылығы 73,3% құраған. 2025 жылға дейін жоспардың толық орындалуы үшін жұмыстар жалғасын табады. Бүгінгі таңда техникаларымыз 100 пайыз жаңартылды. Шөлді аймақтағы бір орман күзеті қызметкеріне 40,0 мың гектар жер бекітілген. Бұл енді өте көп. Орман орналастыру құжаттарына сәйкес, бір орманшының қарау аймағын 20,0 гектарға азайту қаралғанымен, әзірге қосымша штат берілген жоқ», – деді «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жүнісхан Әлімбеков.


Созақтық тұрғындар бұл жұмыстарды жоғары бағалап отыр. Өйткені, өңірді көгалдандыру арқылы экологиялық мәселелер шешіледі.


Мұнан соң БАҚ өкілдері Мойынқұм алқабына және Созақ орманшылығының Бесқауға бекетіне барып, орман күзет орнында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Теріскейдегі орман қоры жері 3 орманшылыққа бекітілген. Созақ, Шолаққорған және Мойынқұм орман шаруашылығының әрқайсысында 400 мың гектарға жетеқабыл сексеуіл тоғайлары бар. Үш орманшылықта да өртке қарсы бекеттер ұйымдастырылған. Олар толығымен қажетті техникалармен жабдықталған. Әсіресе, өрт қауіпті маусымында бекеттерде күнделікті кезекшіліктер ұйымдастырылады.


Мойынқұм орманшылығы Қақпансор алқабында да жұмыс жүруде. Құмда өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, соның үшеуi Қазақстанда өседi екен. Олар – ақ сексеуiл, қара сексеуiл және зайсан сексеуiлi. Түркістан облысында ең үлкен сексеуілді алқап – Созақ өңірінде шоғырланған.


«Сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор. Біріншіден, ол құм көшкіндерін ұстап тұрады. Алайда оның өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс. Мәселен, былтыр егілген сексеуілдің тамыры – 1 метр. Тамырын терең 15-20 метрге жайғанда өсе бастайды. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Осыған дейін де орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға атсалысып келген. Бір ғана сексеуіл ағашы өзінің қуатты тамырларымен 4 тонна құмды ұстап тұруға қабілетті. Сексеуілді жойып алу шөлдердің өсуіне әкеледі», – дейді Жүнісхан Әлімбеков.


Айта кетейік, биыл Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 млн. 214 мың дана ағаш егіледі. Өткен жылы 16 200 гектар жерге 23 млн. 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылды. Өңір бойынша орман тұқымбақтарында 2017-2018 жылдары аралығында 12 млн. түп көшет өсірілсе, бүгінде өндірілген көшет саны 30 миллионды құрап отыр.