ТҮРКІСТАН: Созақта кәсіп бастаушылар саны артқан

0
494

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 416 млрд 158 млн теңгені құраған.


ТҮРКІСТАН: Созақта кәсіп бастаушылар саны артқан

Созақ ауданында 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков 10 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша өткен брифингте айтты.


«Биыл ауданда 445 млрд 26 млн теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілді. Сондай-ақ, 10 айда 40 млрд 762 млн теңге инвестиция тартылды. Одан бөлек, 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу межесі белгіленіп, тапсырма толық орындалды. Ал ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 га, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 га, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 га, барлығы 62 га аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылды», - деді Мұхит Сексенбайұлы.


Әкімнің сөзінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі 416 млрд 158 млн теңгені құраған. Сондай-ақ, ауданның 98 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 6 ауылдық елдімекеннің 4-не су құбырларын жүргізу, 2-не блок-модуль кешенін (КБМ) орнату жоспарлануда.


Сонымен қатар, биыл ұзындығы 34,1 шақырымды құрайтын 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге және жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 17,9 шақырымға асфальт жабындысы төселді.


Одан бөлек, биыл Таукент кентінен С.Әліұлы атындағы жалпы орта мектебіне 300 орындық қосымша жайы пайдалануға берілді.


Айта кетейік, 24 адам қысқа мерзімді оқуға, 83 адам әлеуметтік, 253 азамат жастар практикасына, 1269 адам қоғамдық жұмысқа, 23 азамат алғашқы және 1158 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Ал 80 азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілді.