ТҮРКІСТАН: Созақта Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті

0
969

Теріскей өңіріне тұңғыш рет келіп отыр.


ТҮРКІСТАН: Созақта Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті

Созақ ауданында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Созақ ауданына Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі келіп, өз өнерлерін көрсетті. Оркестр «Тұран даласына күй шашу» атты гострольдік сапар аясында Қаратау шертпе күй мектебі қалыптасқан Теріскей өңіріне тұңғыш рет ат басын бұрып отыр.


Созақтық өнерсүйер қауымға оркестрмен бірге Абылай Тілепберген, Жексен Айсынның Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Айнұр Әбілдаева бастаған өнерпаздар да өнер көрсетті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықау сөз сөйлеп, жылы лебізін арнады.


«Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ауданымызға келуін таланттар мекені Созаққа деген үлкен құрметі деп білемін. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Созаққа барсаң күйшімін деме» деп жоғары баға берген. Қазақтың шертпе күй тарихында Қаратау күйшілік мектебінің орны ерекше. Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Жаппас Қаламбаев сынды талантты өкілдерінің есімдері қазақ өнерінде алтын әріппен жазылды», – деді аудан басшысы.


Аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев Созақтан шыққан өрен, қазақ ән өнерінің шоқтығы биік тұлғасы Жұбаныш Жексенұлына «Созақ ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін салтанатты түрде тапсырды.


Өнер ұжымы алдымен созақтық көрермен алдында Түркештің «Көңілашар» күйін тарту етті. Тыңдарманды ерекше сезімге бөлеген шығарма көптің көңілінен шықты. Сонымен бірге кеште қазақ күй өнерінің жауһарлары орындалып, ұлтымыздың кең тараған әндері шырқалды.