ТҮРКІСТАН: Созақтық жасөсіпірім ата-анасының кикілжіңнен соң із-түссіз жоғалып кеткен

0
728

7-сынып оқушысы кешкі уақытта үйіне оралмаған.


ТҮРКІСТАН: Созақтық жасөсіпірім ата-анасының кикілжіңнен соң із-түссіз жоғалып кеткен

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Үйінен шығып кетіп, із-түссіз жоғалған 13 жасар қыз Шымкент қаласынан табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Созақ ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел арызданып, 13 жасар қызының 09 желтоқсан күні кешкі уақыттан бері табылмай жатқандығын хабарлап, арызданған. Алғашқыда қызды өздіктерінен туыстарының үйінен іздеп, табамыз деген ата-анасы бір күн бойы әрекеттенген. Ақыры нәтиже шықпағаннан соң, полиция бөліміне келіп арызданған.

Аталған жайтты бірден тіркеуге алған полиция қызметкерлері 7-сынып оқушысын табу үшін учаскелік полицейлерден құралған арнайы күшті жұмылдырады. Із-түссіз жоғалған қызды тез арада табу мақсатында полицейлер такси жүргізушілерінен, аудан орталығындағы саудагерлерден, жалпы көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар жоғалған қыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына арнайы мамандар арқылы шығып, қыздың жүрген жерін топшылайды.

Осындай жедел шаралар атқарылып жатқанда қыздың ата-анасы да қайта-қайта полиция бөліміне келіп, полицейлердің іздеп жатырмыз деген сөзіне қанағаттанбай, біраз шу шығарады. Бірақ қандай жағдай орын алса да өз істеріне мұқият кіріскен полицейлер, іздестіру жұмыстары арқылы түрлі іс-шараларды атқарып, іздестіру жұмыстарын жалғастыра береді.

Ақыры сол күні кешкі уақытта учаскелік полицейлер қыздың Шымкент қаласындағы сауда орындарының бірінде қыдырып жүргенін анықтап, сол жерден бөлімшеге алып келеді. Қуаныштан көздеріне жас алған анасы мен әкесі қыздарының дін аман табылғанына қуанып, полицейлердің жұмыстарына сенімсіздік танытып, біраз сөгіп алғандарына кешірім сұрап, әсіресе шыдамдылық танытып, қызды мегаполистен алып келіп дін аман табыстаған учаскелік полицей, полиция подполковнигі Сакен Аширкуловқа ерекше алғыстарын жеткізді.

Тергеу барысында белгілі болғандай жасөспірім қыздың бұлай үйінен кетіп қалуына ата-анасымен арада болған кішігірім кикілжің себеп болған.