ТҮРКІСТАН: Страйкболдан өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

0
512

Финалда Бішкек қаласының «Legion» және «Pokémon’s» командалары өзара сайысты.


ТҮРКІСТАН: Страйкболдан өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Түлкібас ауданында страйкболдан халықаралық ашық чемпионат өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Түлкібас ауданында халықаралық «EAGLES OF TURKISTAN» атты страйкболдан ашық чемпионатының жеңімпаздары анықталды.


Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған чемпионатқа көршілес елден 3 топ қатысты. Екі күн бойы шетелдік және қазақстандық 10 команда құрамындағы 70 қатысушы Тұрар Рысқұлов ауылының полигон алаңында өз шеберлігін көрсетті.


Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ербол Орманов марапаттау рәсіміне қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Шекара асып келген көршілес ел мен қызығушылық танытқан барлық қатысушыға ризашылығын білдірді.


Финалда Бішкек қаласының «Legion» және «Pokémon’s» командалары өзара сайысты. Нәтижесінде 1-орынды «Legion» командасы жеңіп алып, 700 мың теңгелік сертификатқа ие болды. 2-орынды «Pokémon’s» тобы иеленіп, 500 мың теңгені қанжығалады. Ал, 3-орынды алматылық «Beta FBI HRT» командасы иеленіп, 300 мың теңгенің сертификаты берілді. Ойын барысында мергендігімен көзге түскендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 1,5 млн. теңге.


Осылайша, Түлкібаста тек экстремалды-спорттық бәсекені өткізіп қана қоймай, шетелдік және отандық командаларға Түлкібас ауданының туристік әлеуетін таныстыру және экотуризм бағытын насихаттауға басымдық берілді.


Жобаны ұйымдастырушы «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы жастардың ұсынысы негізінде жүзеге асқан ерекше форматтағы жобаның ауқымын ұлғайтып, жалғастыруды жоспарлап отыр.


Еске салсақ, «EAGLES OF TURKISTAN» халықаралық ашық чемпионаты 15 шілде күні басталған болатын. Оған Алматы мен Ақмола облыстары, Алматы және Шымкент қалаларынан ойыншылар келіп, қатысты. Түлкібас ауданындағы полигонға қатысушылар мен көрермендерді қосқанда 200-дей адам жиналды.