ТҮРКІСТАН: Су шаруашылығының өзекті мәселесі талқыланды

0
2 959

21 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.


ТҮРКІСТАН: Су шаруашылығының өзекті мәселесі талқыланды

Түркістан облысында суды аз қажет ететін өнім түрлерін арттыру көзделуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өзекті мәселе ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен өткен селекторлық жиында жан-жақты талқыланды. Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су шарауашылығындағы өзекті мәселелер бойынша баяндады. Басқарма басшысы өз сөзінде суды үнемдеуші технологияларды қолданатын шаруаларға басымдық беруді ұсынды. Тиісінше, суды аз қажет ететін өнім түрлерін арттыру көзделуде.

«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында іске асырылып жатқан жобалар Түркістан облысы үшін аса маңызды. Сондықтан осы жобаларға республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға ықпал етуіңізді сұраймын. Үкіметтің «2020-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару Мемлекеттік бағдарламасына» Түркістан облысы аумағындағы бірнеше су нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы енген. Осы жобаларда ағымдағы жылға күрделі жөндеу жұмыстарына 17 нысанға қаржы қарастыру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттік нақтылауға бюджеттік өтінім ұсынылды. Жобалар іске асырылған жағдайда 20 267 га жерде кепілді сумен қамтамасыз етуге қол жеткізілетін болады. Осыған орай, алдағы республикалық бюджеттің нақытылауында қаржы қарастыруға ықпал жасауыңызды сұраймын», – деді басқарма басшысы.

Түркістан магистралды каналы күрделі жөнделуден өтіп, Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы жүруде және Сырдария өзенінен машиналық әдіспен Түркістан магистралды каналына ағын су тарту жобасы жүзеге асты. Облыстық бюджет есебінен соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 42 дана тік ұңғымалар қалпына келтірілді. Нәтижесінде 44,3 мың га суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды, 53 млн. м3 су үнемделді.

«Тұран су» арнасындағы 21 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Арыс-Түркістан магистралды каналының бойындағы 97 ішкі каналдар облыстық коммуналдық меншікке қабылданып, осы ішкі каналдарға шектік тариф бекітілді. Сонымен қатар, «Түркістан қаласын дамыту бойынша бірінші кезектегі іс-шаралардың жүзеге асыру туралы» жол картасына «Арыс- Түркістан каналын көректендіретін Сырдария өзенінен машиналық каналдың құрылысы» жобасы әзірленуде. Аталған жобалардың Түркістан облысы үшін маңыздылығын ескеріп, қосымша Сырдария өзенінен ағын су лимиті сұратылған болатын. Бұл мәселелер уақыт күттірмейді.