ТҮРКІСТАН: Тағы бір балабақшада баланы ұрып-соғу қылмысы тіркелді

0
1 297

Облыстық білім басқармасынан ресми жауап алдық.


ТҮРКІСТАН: Тағы бір балабақшада баланы ұрып-соғу қылмысы тіркелді

Түркістан қаласындағы балабақшаның бірінде балаға күш көрсету дерегі тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Әлеуметтік желіде бейнебақылау камерасы арқылы жазылған видео тарады. Бейнематериалдан балаға қатыгездік жасалғанын аңғаруға болады.


«Бұл бүлдіршіннің балабақшадағы бар-жоғы екінші күні еді. Ол әлі балабақша салтына үйренбегені анық, сондықтан жылаған болар. Бірақ бұл баланы аяусыз ұру керек дегенді білдірмейді ғой. Баланы аспаз ұрды. Осы сәтте тәрбиешілер мен күтушілер қайда болды?!», - дейді видео авторы.


Осы орайда аталған жағдайға қатысты облыстық білім басқармасынан ресми жауап алдық.


«Оқиға Түркістан қаласындағы жекеменшік балабақшаның бірінде болған. Аспаз емес, тәрбиеші. Аталған жағдай бойынша құзырлы органдар айналысуда. Қазіргі таңда тәрбиеші өз өтініші негізінде жұмыстан босатылды», - деп мәлімдеді білім басқармасының баспасөз қызметі.


Ал, облыстық полиция департаменті баланы ұру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.


«Анасының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта барлық мәнжай анықталуда», - дейді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Қалдарбеков Асылжан.