ТҮРКІСТАН: Тауда адасқан 5 адамға көмек көрсетілді

0
497

Өңірде таудағы қауіпсіздікке қатысты 2 жағдай тіркелген.


ТҮРКІСТАН: Тауда адасқан 5 адамға көмек көрсетілді

Түркістандық төтеншеліктер тұрғындарды таудағы қауіпсіздікті қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жыл басынан бері өңірде таудағы қауіпсіздікке қатысты 2 жағдай тіркелген. Мәселен, Төлеби және Түлкібас аудандарында тауда адасып кеткен 5 адамға авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, көмек көрсетілген. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Досалиев айтты.


«Өңірде тау туризмін дамыту қарқынды жүргізіліп, демалушылар саны артып келеді. Алайда, туристер сақтық шараларын естен шығармауы керек. Себебі, тауда қаза болу, адасу, жоғалу, көмек сұрау және басқа да адам өміріне қауіп төнген фактілер жиі орын алып жатыр. Осы ретте ТЖД қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік шараларын сақтау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, облыс тұрғындары мен конақтарын түгелдей қамту мүмкін емес. Тауларға кәсіби бағыттаушысыз шығу, таудағы альпинистік маршруттар мен қауіп-қатер туындаған кездегі іс-әрекеттерді білмеу оқыс оқиғалардың басты себептері болып отыр. Туристерден, тауға бір күнге шығар болса да, қауіпсіздік ережелерімен танысуды сұраймыз. Өздеріңізбен бірге жылы киімдер, ұялы телефонға қосымша қуат көздері, қолшам, от жағуға арналған құралдар, белгіленген өңірдің картасы, сонымен қатар GPS-бағдарлаушы заттарды міндетті түрде алған дұрыс», - деді Талғат Серікұлы.


Спикердің сөзінше, департамент тарапынан демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және таудағы адам өліміне жол бермеу мақсатында таулы аудандардағы әкімдіктерге және Ұлттық парк басшылығына хат жолданған. Онда туристерге қойылатын талаптар мен өткізу пункттерінде тиісті бақылауды күшейту қажет екендігі көрсетіліп, қауіпсіздік шараларын қабылдау сұралған.


Атап айтқанда:

- өткізу-бақылау бекеттеріне парктың төлқұжатын орнатуды және туристік картаны әзірлеп тарату мүмкіндігін қамтамасыз ету;

- ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экскурсия ұйымдастырушылары немесе гидтермен бастап жүруді, олар болмаған жағдайда демалушылар мен туристердің кіруіне тыйым салу;

- демалушылар мен туристерге тау беткейлерінде жүру маршруттарын нұсқап көрсететін белгілерді орнату;

- өзендердегі ағаш көпірлерді металл көпірлерге ауыстыру және жаңадан қосымша көпірлер орнату;

- парк аумағына келуші туристер мен демалушы топтарды байланыс құралдарымен, рация немесе GPS-навигаторлармен жабдықталуын қарастыру;

- демалушылардың бағыттарын анықтау, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуын тексеру және өздерімен алып жүретін байланыс құралдарының бар болуы.


Брифинг барысында спикер облыс тұрғындары мен қонақтарын барынша сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Ол үшін туристік жол бағытқа шығар алдында орман шаруашылығының өткізу бекеттеріне тіркелу керектігін, тіркелмеген жағдайда 101 немесе 112 құтқару қызметі нөмірлеріне хабарласу қажет екендігін ескертті.