ТҮРКІСТАН: Тәуелсіздік құрдастары бастауыш партияға қабылданды

0
477

Жалпы саны 15 үміткер мүшелікке енді.


ТҮРКІСТАН: Тәуелсіздік құрдастары бастауыш партияға қабылданды

Түркістан облысында Тәуелсіздік құрдастары бастауыш партияға мүше атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалында салтанатты түрде партияға қабылдау іс-шарасы өтті. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев айтулы мерекемен құттықтап, белсенді азаматтарға партиялық билет пен төсбелгі табыстады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елбасының «Қазақстан жолы» кітабы тарту етілді.


«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында әрі бүгінгі мерекеде қауышқаныма қуаныштымын. Тәуелсіздік – әлемдегі ең құдіретті сөз. Ел еркіндігі. «Nur Otan» партиясы халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартып, елдің дамуына бағытталған Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты. Алғашқы сәттен-ақ партия құрамына 164 мың адам мүше болса, қазір олардың саны 800 мыңнан асты. Облыс бойынша 244 бастауыш партия ұйымынан құрылған 80 мыңнан астам партия мүшесі бар. Енді оның саны өздеріңіз секілді сан-саланың белсенді азаматтарымен толығуда. Бүгінгі салтанатты шараға елдің өркендеуі жолында қызмет атқарып жүрген мемлекетшіл азаматтар жиналды. Партияның ұстанымын қолдап, жауапкершілікпен Қазақстанның дамуына үлес қосайық», – деді Бейсен Дәулетұлы.


Атап өтсек, «Нұротандық» атанған азаматтардың қатарына білім беру мен денсаулық саласының мамандары, жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік және жергілікті өкілдік органдары қызметкерлерінен жалпы саны 15 үміткер енді. Оның ішінде 6-ауы – Тәуелсіздік құрдастары. Жиын барысында партия қатарына қабылданған үміткерлер Елбасы Н.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты жастарға серпін берген үндеу болғанын атап өтті.


Жалпы партияның Түркістан облысындағы филиалдарына биыл 2273 адам қабылданды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудандық, қалалық филиалдарда да салтанатты қабылдау іс-шарасы өтуде.