ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданы 100 пайыз газбен қамтылады

0
768

Ауыз су және электр энергиясы мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде.


ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданы 100 пайыз газбен қамтылады

Түркістан облысында 7 ауылды газдандыру мақсатында құрылыс жұмыстары басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Төлеби ауданында 48 елдімекен көгілдір отынмен қамтылған. Бұл жалпы ауданның 81,5 пайызын құрайды. Биыл қалған 7 ауылды газдандыру мақсатында құрылыс жұмыстары басталды. Осы шаруалар аяқталғанда аудан 100 пайыз газбен қамтылатын болады.

Аудандағы ауыз су және электр энергиясы мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Аймақтағы 55 ауылдың 54-і, яғни 98,2 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз су 48 елдімекенде тәулігіне 24 сағат, 6 ауылға кестемен берілуде. Ал, аудандағы электр энергиясының қанағаттанарлық жағдайы 74,1 пайыз болса, 2022 жылы 82,9 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Биыл осы мақсатта қажет ететін ауылдарға трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2023 жылға дейін аудан тарапынан 198,4 шақырым электр желісін және 81 трансформатор орнату жоспарланса, ал «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і арқылы 93 шақырым электр желісін жаңартып, 16 дана трансформатор орнату жоспарланған.

2020 жылы аудандағы 26 елді мекендегі жалпы ұзындығы – 78,8 шақырымды құрайтын 45 жолды орташа жөндеуге тиісті қаржы қарастырылып, жұмыстар аяқталуда. Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы және «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында атқарылған. Нәтижесінде қанағаттанарлықсыз жолдар 35,4 пайыздан 28,2 пайызға төмендеген. Жалпы ауданда ұзындығы 1084 шақырым болатын 474 көше жолдың 452,5 шақырымына асфальт, 191,6 шақырымына тас төселген, ал 69,51 шақырымы топырақ жол. Сондай-ақ, ауданда абаттандыру, аяқжолдар салу, жарықтандыру жұмыстары да жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіліп келеді.